Бүгін – Халықаралық музейлер күні

Ықылым заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі тұрмыс-салтпен танысып, тағылым алуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

1981 жылы Алматыда Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ашылған еді. Бұл күні музей қорында 1300-ден астам домбыра, қылқобыз, саз сырнай сынды ұлттық аспаптар сақталған. Олардың арасында Абай мен Махамбеттің домбыралары, Жарас бақсының көне нарқобызы да бар.

Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде 9 экспонат залы бар. Оның бесеуі қазақ халқының аспаптарына арналса, төртеуінен шетелдің аспаптарын көруге болады. Мұнда бақсы-балгерлердің қобыздарымен қатар XIX-XX ғасырлардағы ұлттық аспаптардың жаңғыруына үлес қосқан тұлғалар мен композиторлардың да бұйымдары қойылған.

Нұрлы Ибадуллина, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғылым бөлімінің жетекшісі:

- Ең көне экспозициялардың бірі – біздің Жарас бақсының қобызы. Ол қобыз XVIII ғасырда өрік ағашынан шауып жасалған екен. Бұл қобызды бізге оның ұрапақтарының бірі Сауырбаев Бижан Рахманұлы 1983 жылы табыстаған болатын. Аспап ұзақ уақыт бойы оның ұрпақтарының қолында Бұралқы, Құлтас, Берді есімді кісілердің қолында сақталған. Бұралқы 1942 жылы соғысқа кетіп оралмай қалады, содан кейін аспап ұрпақтан ұрпаққа сақталып келген екен.

Мұнда Бақсы Сармұқанның қылқобызын, бертіндегі қолөнер шебері, этнограф Дәркембай Шоқпарұлы жасаған нарқобызды көріп, үнін естуге болады. Бұл зал шетелдік туристер үшінде өте қызық. Жалпы қобыз тек музыкалық аспап қана емес. Қазақ халқы үшін ол киелі саналады. Себебі қобыз тартқан жандардың тылсым күші, бойында үлкен қабілеті бар деп есептелген.

Нұрлы Ибадуллина, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғылым бөлімінің жетекшісі:

- Жалпы қобыз аспабы ең алғашқыда бақсылықтың атрибуты саналған екен. Сондықтан оның ішкі корпусына айналар, түрлі металл ілген болатын. Сондықтан кейін келе қобыз аспабы XX ғасырда мүлде жоқ болып күтудің аз алдында қалған екен. Бірақ жоқ болудың алдын алып қалған осы кейінгі күйші композиторлар, қобыз аспабында ойнаушылар оны сақтап алып қалды. Ол кісілердің қатарында біз Жаппас Қаламбаевты, Дәулет Мықтабаевты атап өтсек болады.

Мемориалдық аспаптар залында да құнды жәдігерлер көп. Мұнда XIX-XX ғасырда өмір сүрген атақты күйші-композиторлардың, жыршы-жыраулардың домбыралары сақталған. Келушілердің назарына Махамбет, Шәкәрім, Динаның және Абай Құнанбайұлы домбыраларының түпнұсқасы қойылған. 

Нұрлы Ибадуллина, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі ғылым бөлімінің жетекшісі:

- Бұл кісінің домбырасы 3 ішекті қалақша пішінді домбыра. Кезінде Абайдың өзі қолданған. Кейіннен Абайдың ұлы Ақылбай да осы домбырамен бір қатар республикалық бәйгелерге қатысқан екен. Кейіннен Ақылбайдың қыздары оны Семейдегі Абай атындағы мемориалдық музейге тапсырады. Сол музейден кейіннен біздің Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің қорына алынды.

Сонымен бірге шетелдік аспаптар залында дүниежүзі бойынша 50 шақты мемлекеттің музыкалық мәдениетімен таныса аласыз. Ал арнайы киоскілерде ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқумен қатар, дыбысын тыңдауға болады. Бүгінгі мерекеге орай дәстүрлі Музей түні өтеді. Келушілер үшін мәдени ошақтың есігі түнгі сағат 22:00-ге дейін ашық. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Бұған дейін ТМД-дағы ең танымал тарихи 10 музейдің тізімін жариялағанбыз.