National Geographic фотосуретшісі өз білгенімен қазақстандық оқушылармен бөлісуде

National Geographic журналының белгілі фотосуретшісі Гердт Людвиг қазақстандық оқушыларды суретке түсірудің көпшілік біле бермейтін қыр-сырына үйретіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл іс-шараны Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырып отыр. Оқушыларға арналған элективті курс Photo camp-2021 деп аталады.

«Суретке түсіру бір ғана тетікті басудан тұрмайды, бұл үлкен өнер. Сол өнердің тылсымына терең бойлай алмасаң кәсіпқой фотограф бола алмайсың», - дейді калифорниялық фотошебер Гердт Людвиг. Сонау 60-жылдардан бастап фотосурет әлеміне қызыққан маман Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отыр екен. Бұл жолы Назарбаев зияткерлік мектебінің және National Geographic журналының шақыртуымен Алматыға жолы түсіпті.

Гердт Людвиг, National Geographic журналының фотосуретшісі:

- Бірінші рет Қазақстанға 90-жылдардың басында келдім. ТМД елдерінің сол кездегі тұрмыс-тіршілігімен әлеуметтік мәселелерін жеткіздім. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында болдым. Енді міне, Алматыда өз білгенімді оқушылармен бөлісудемін. Бұл жерде байқағаным, суретке деген қарым-қабілеті жоғары жастар көп екен. Олардың бойындағы осы бір қасиеттерді әрі қарай дамытып, шыңдай түсу қажет.

Гердт Людвиг оқырманға экология тақырыбы, әсіресе, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан кейінгі өмір жайлы фоторепортаждарымен жақсы таныс. Еліміздегі барлық Назарбаев зияткерлік мектебінен іріктеліп алынған 40-тан астам оқушы бір апта бойы Герд Людвигтің семинар сабақтарына қатысты. Көрген-білгендерін, көкейге түйгендерін тәжірибелік жұмыстарда жетілдіре түсті.

Диана Бекішева, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Негізінде осы Photo camp арқылы біз жаңа терминдерді, жаңа құбылыстарды үйрене бастадық, себебі біз тек қана қазақстандық емес, тағы да шетелдік мамандардың арқасында жаңа фото өнердің жаңа қырынан қарай бастадық. Мысалы, Герд Людвиг деген шетелдік маман ол бізге экспозиция, диафрагма, задержка деген терминдерді көрсете отырып, оны практикада қолдануды үйрете бастады.

Дәл қазіргі уақытта әлемге белгілі National Geographic журналында қызмет жасайтын Гердт Людвиг суретке түсірудің барлық құпияларын қазақ жастарына бүкпесіз жеткізгенін айтады. «Елімізде алғаш рет өтіп отырған бұл шараның негізгі мақсаты – фотоөнерге қадам басқан талантты жастардың қызығушылығын арттырып, шеберлігін шыңдау», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев