«Астана Опера»: VIII театр маусымы көрермен есінде несімен қалды

«Астана Опера»: VIII театр маусымы көрермен есінде несімен қалды
«Астана Опера» баспасөз қызметі

«Астана Опера» өзінің сегінші театр маусымын Дж.Вердидің ауқымды әрі ғаламат «Аида» операсымен тәмамдайды.

Бұл жаңа кездесулер мен жаңалықтарға толы, күтпеген шешімдерді іздестіру әрі табу, сонымен қатар межелеген мақсаттарға қол жеткізудің мазмұнды да жемісті кезеңі болды.

Пандемияның күрделі кезеңіне қарамастан, маусым ішінде премьералар орын алып, оларды қазақстандық қауымдастық, музыка сыншылары мен әлеуметтік желідегі блоггерлер жоғары бағалады. Осылайша, Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» мен «Махаббат сусыны» опералары 2020 жылдың соңында театр репертуарына сән берген комедиялық опералардың керемет стилін паш етті. Әлбетте, классика «Астана Опера» афишасының негізін құрайды, дегенмен театрдың көркемдік кеңесі жаңа, эксперименттік формалардан да бас тартпайды, себебі онсыз театр өмірі толыққанды болмас. Осындай көзқарастың арқасында тағы бір маңызды премьера – қазақстандық композиторлардың музыкасына «Дала үні» ұлттық заманауи балеті дүниеге келді.

Жылдың елеулі оқиғасы: театр маусымының соңында айтулы оқиға – Astana Opera Халықаралық опера академиясының ашылуы орын алды. Қазақстанның басты музыкалық ордасы тек өз сахнасына ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетелдегі театрлар үшін вокал мамандарын қалыптастыру мақсатын алға қояды. Академия өзінің бірқатар білім беру бағдарламалары негізінде опера әншілерінің шеберлігін жетілдіретін болады.

Арнайы жобалар: театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев пен биыл барша музыкалық әлем мерейтойын атап өтіп жатқан балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова маусым бойы асқақ өнерсүйер қауымды қызықты да сан алуан авторлық жобаларымен қуантты. Аты аңызға айналған балерина жұртшылық назарына гала-балеттер сериясын ұсынды, сол арқылы жас әрі болашағы жарқын әртістерге дарынын паш етуге мүмкіндік берді. Әлемнің көптеген елдеріне әйгілі маэстро Алан Бөрібаев «Опералық классикаға саяхат», «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе француз комедиясының негізін салушылар» атты естен кетпес концерттердің премьерасын, сонымен қатар Р.Вагнердің «Нибелунг жүзігі» діни тетралогиясының негізінде жасалған бағдарламаны және т.б. ұсынды.

Сегізінші маусымда жаңа Astana Percussion соқпалы аспаптар ансамблінің тұсауы кесілді, олар осы аралықта елордалық қауымның көңілінен шығып үлгерді.

«Астана Опера» цифр тілімен: театр әртістері халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, театр қоржынын 50-ден артық жеңіспен толтырды. Театр 180-нен астам іс-шара өткізді, оның ішінде Мәдениет министрлігі және қала әкімдігімен бірлесе ашық алаңдарда 9 жобаны, сондай-ақ бірқатар қайырымдылық концерттері мен акцияларды жүзеге асырды. Театр фойесінде театр әртістері мен спектакль қоюшыларына арналған 30-ға жуық көрме өтті. Өткен кезең ішінде қазақстандық жетекші БАҚ-та шамамен 6 мың басылым шығарылды. Театрдың спектакльдері мен концерттеріне 26 973 адам келді. Instagram әлеуметтік желісіндегі жалпы аудитория 35000 адамға жетті. Театр «Жыл операсы – «Евгений Онегин» операсы» аталымы бойынша көрермендер аудиториясының таңдауы негізінде табысталатын «Ticketon Award»! сыйлығын иеленді.

Айтулы даталар:

Биыл еліміз атақты композиторлар, М.Әуезовтің либреттосы бойынша «Абай» операсының авторлары Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығын атап өтуде. Композиторлардың туған күніне орай «Астана Опера» сахнасында Камералық залдағы концерттер, сонымен қатар Үлкен залда ұлы «Абай» операсы бірнеше рет ұсынылды.

Камералық залда көрнекті композитор, дирижер, ұстаз, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусиннің 100 жылдық мерейтойына орай бірегей тартымды концерт өтті, оған сазгердің жақын туыстары қонақ ретінде қатысты.

Күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер, ұстаз, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығы театрдың Камералық залында жарқын концерттік бағдарламамен атап өтілді.

«Астана Опера» әртістерінің күшімен және «Қазақ әуендері» АҚ қолдауымен 8-ші театр маусымында 2021 жылғы 26 ақпанда қазақстандық өнердің ұлы қайраткері Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған ауқымды концерт өткізілді.

Шетелдік театрлар афишасындағы «Астана Опера» әртістерінің есімдері

«Астана Опера» театрының труппасында Қазақстанның опера және балет өнерінің бетке ұстарына айналған әрі елімізді шетелде абыроймен паш етіп жүрген әртістер қызмет етеді – олар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, «Большая опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова, Италия Жұлдызы орденінің командоры Медет Чотабаев, әлемдік балет жұлдызы, көптеген шетелдік байқаулардың жеңімпазы Бақтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының примасы Әйгерім Бекетаева және т.б. Әртістер маусым бойы халықаралық жобаларға қатысты. Олардың қатарында Алан Бөрібаев (Финляндия, Ресей), Бақтияр Адамжан (Ресей, Италия), Әйгерім Бекетаева (Ресей), Абзал Мұхитдин (Ресей), Бағдат Әбілханов (Ресей), Альфия Каримова (Ресей) және басқалары бар. Мемлекет басшысы өз мақаласында атап өткендей, тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілеріміз, біздің айрықша күшіміз.

«Астана Опера» афишасындағы шетелдік әртістердің есімдері

Тәжірибе алмасуды тоқтатпау, сондай-ақ көрермен талғамын қалыптастыру мақсатында театр өз сахнасына танымал шетелдік әртістерді өнер көрсету үшін шақырады. Олардың қатарында опера солистері Риккардо делла Шукка мен Марианджела Сицилия (Италия), Саян Исин (Қырғызстан), Бадрал Чулуунбаатар (Моңғолия), Либуше Санторисова (Чехия), Эцуо Дои (Жапония), Алексей Шаповалов (Ресей), Антуан Бернхейм (Швейцария), маэстро Коррадо Вальво (Италия), Елена Сомма (Италия), Маттиа Росси (Италия) және т.б. бар.

Бұдан бөлек, театрға әртістеріміздің вокалдық әрі балеттік қалпын шыңдау үшін шеберлік сабақтарымен танымал ұстаздар келеді. Опера труппасымен профессор, Озимо қаласындағы вокал академиясының магистрі, халықаралық байқаулардың лауреаты Алла Симонишвили, Форо Бонапарттағы музыка академиясының профессоры, Гаэтано Доницетти атындағы музыка академиясының камералық ән айту секциясының меңгерушісі Анатолий Гусев, италиялық маэстро Джузеппе Акуавива сабақтар өткізді. Ал балет труппасына француз ұстаз-балетмейстері Янник Бокуин шеберлік сабақтарын ұсынды. Шақырылған хореограф, Ролан Пети қорының өкілі Луиджи Бонино «Астана Опера» балет труппасының театр сахнасында М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балетін қою мүмкіндігін кезекті рет аккредиттеуден өткізді.

Балалар және жасөспірімдермен жұмыс:

«Астана Опера» театрынан балалардың күлкісі кеткен емес, себебі шығармашылық ұжым өскелең ұрпаққа көп назар аударады: опера жұлдыздарының ғана емес, сонымен бірге театрлық балалар студиясының жас әртістерінің қатысуымен Камералық залда ай сайын көптеген тартымды танымдық концерттер өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек, сегізінші маусымның екінші жартысынан бастап театр Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп жоғары сынып оқушыларына арналған «Театр сабағы» бірегей жобасын жүзеге асыруды бастады. Оқушыларға жұртшылық көзінен таса болған театрдың сахна сырты көрсетіліп қана қоймай, олардың назарына экскурсиядан кейін балалар тамашалайтын спектакль туралы қысқа да мазмұнды дәріс ұсынылады. Тәжірибелі музыкатанушылар оқушыларды қайнап тұрған театр өмірінің қыр-сырымен таныстырып, оларды біртіндеп асқақ өнер әлеміне баулиды.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Әкімдік оқушыларды ұйымдастыру және өзге де маңызды мәселелерді өз мойнына алды. «Астана Опера» театры белсенді ағартушылық қызметін жүргізуде. Еске салар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы ғой» деп атап өтті.

Игі істер

Театр труппасы тұрақты түрде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме» КММ-де қайырымдылық концерттерін өткізеді, ал жыл басынан бері «Астана Операға» Балаларды қолдау орталығының күрделі өмір жағдайларына ұшыраған балалары, сонымен бірге «Астана SOS балалар ауылының» жас көрермендері келді. Камералық зал қызметкерлері жыл сайын балаларға жаңа тартымды бағдарламалар ұсынады. Мұнымен қоса, «Астана Опера» ұжымы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, қайырымдылық жобалары мен акцияларын белсенді түрде өткізеді. Театр волонтерлері тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедек балаларға, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне және жануарларды қорғайтын орындарға үнемі қол ұшын созып тұрады. Осылайша театр ұжымы «Ковчег» жануарларға арналған пана мен «СтопОтлов» волонтерлік қозғалысына қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. «Астана Опера» волонтерлер тобы тұрмыс жағдайы төмен бірқатар отбасылар, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жандарды өз қамқоршылығына алды. Театр қызметкерлері қарттар мен көмекке зәру жалғыз басты

аналарға жәрдемдеседі. Бұдан бөлек, «Астана Опера» театры ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп, пандемия жағдайында қазақстандықтардың өміріне араша түсіп, осынау күрделі кезеңде еңбектеніп жүрген елордалық дәрігерлерге арнап бірқатар қайырымдылық концерттерін ұйымдастырды.

Осы жылдың мамыр айында қоғам және саясат қайраткерлері «Астана Опера» маңайына 500 емен мен 1000 түп мамыргүл отырғызды.

Жаңа форматтағы Наурыз

«Астана Опера» театры биыл барша қазақстандықтардың басты мерекесі – Наурыз мейрамын жаңа форматта өткізді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасының негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, халық бірлігін сақтау, қайырымдылық мәдениетін дамыту. Сондықтан театр қызметкерлері «көңіл себеттерін» жинақтап, оларды жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларға таратты. Наурыз айы бойы театр игі істер жасаумен болды: әртістер балалар үйлерінің балаларына арнап қайырымдылық концерттер сериясын берді.

Онлайн-жобалар

Қазіргі орын алған жаңа жағдайда басшылық көрермендер аудиториясын кеңейту әрі жастар қатарын көбейту мақсатында театрдың имидждік саясатын жаңғыртуды іске асырды: жаңа сайт, мобильді қосымша мен театр бойынша виртуалды тур сәтті іске қосылды.

Қазақстан халқының бірлігі күнінде театр онлайн түрде әлемнің он алты елінің басын қоса білді. Аталмыш күнді мерекелеу аясында түрлі ел халықтары, оның ішінде Бразилия, Аргентина, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор, сондай-ақ Ресей, Польша, Бельгия, Сингапур, Швеция және Австралияда тұратын отандастарымыз «Астана Опера» театрының эксклюзивті спектакльдерін тамашалай алды.

Театр ай сайын Тенгри ньюс жетекші интернет-порталында опера және балет спектакльдерінің, сонымен қатар Камералық залда өтетін концерттердің шамамен 30 онлайн көрсетілімін іске асырады.

«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина «Достардан махаббатпен» онлайн концертінде өнер көрсетті. Музыкалық кеш Қазақстанның Халық әртісі Ерік Құрманғалиевті еске алуға арналып, үш елдің үш сахнасынан көрсетілді.

Жоспарлар туралы

Театрда жаңа маусым дәстүр бойынша қыркүйек айында ашылады деп жоспарлануда. Барша асқақ өнер жанкүйерлерінің назарына Иржи Килианның «Алты би» (Sechs Tänze), Дьюла Харангозоның хореографиясындағы Тибор Кочактың музыкасына «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеттері, Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық батырлық операсы, Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» операсы және т.б. жарқын премьералар ұсынылмақ. Сонымен қатар Камералық залдағы мазмұнды концерттер, сүйікті әртістермен жаңа кездесулер, қолтаңба-сессиялары мен басқа да жағымды тосынсыйлар күтеді.

Ақпарат көзі: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі