Елордада Жұмабек Тәшеновке ескеркіш қойылады

Елордада жат жұртқа жерін бермей, бес облысты аман сақтап қалған Жұмабек Тәшеновке ескеркіш қойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала әкімі «айтулы тұлғаның сом мүсінін жаздың соңына дейін орнатамыз» деп сендірді. Тәшеновті қазақ жеріне көз алартқандарға қарсы шыққан қайраткер ретінде танимыз. Бірақ ол кісінің ерлігі мұнымен ғана шектеле ме? Елге әлі айтылмай жүрген тағы қандай ілкімді істері болды?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Жүйеге қарсы шыққан жаужүрек жан еді... Министрлер кеңесін басқарып тұрған кезі ғой. Ашса алақынында, жұмса жұдырығында ұстайтын шағы. Мансап қуғандар мұндай қызметке желімдей жабысып қалар еді. Бірақ Жұмабек Тәшенев өйтпеді. Маңғыстауды түрікменге, Шымкентті өзбекке, солтүстік аймақты орыстарға бермеді. Қарсы тұрсам, жүндей түтіп жібереді ғой деп қорықпады. Қазақтың қарыс жері үшін қанын беруге даяр тұрды.

Ерекболат Қабылда, тәшеновтанушы:

- 1961 жылы Жұмабек Тәшенев осындай ерлік жасағаны үшін Никита Хрущевтің өзі ойланып қалған. «Қазақта мынадай да тұлғалар бар екен ғой» деп. Оған да айтты ғой, лауазымың, орның сақталады, зейнетке шықсаң да, қызметте боласың деп, бірақ ол Қазақстанды бөлшектесем, тарихқа, ұрпаққа не қалдырамыз деп қарсы шыққан.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Ер Жұмабектің осы ерлігі қазіргі әнұранның шығуына түрткі болғанын біліп пе едіңіз? Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқов қазақ қайраткерінің осы қайсарлығына тәнті болып, «Менің Қазақстанымды» өмірге әкелген деседі. Шынтуайтында, Тәшенев тек қазақтың жерін ғана қалқалап қойған жоқ. Ол қазақтың өнер майталмандарына атақ алып берген арыс еді. «Қазақты қой артына салып қойған боркемік біреу екен демесін» деді. Бізде де небір талант бар деп, соларды танытуға талпынды. Сол кісінің арқасында «КСРО Халық әртісі» атағын алғандарың арасында Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов пен Мұқан Төлебаевтар бар еді.

Ерекболат Қабылда, тәшеновтанушы:

- 1958 жылы Мәскеуге біздің Қазақстанның өнерпаздарын алып барады. Біздің елде де осындай «жұлдыздар» бар екенін көрсеткісі келеді. Сөйтіп, бір мезетте 5 адамға «КСРО Халық әртісі» деген атақ алып береді.

Алматыда Абай даңғылы бар. Қаланың екі қиырын жалғап жатыр. Одақ тұсында осы көшеге Лермонтовтың есімін беруді ұйғарса керек. Бірақ Тәшенов тағы да қарсы шығып, әлгі даңғылға хәкім Абайдың есімін бергізеді. Қаланың қақ ортасына Абайдың алып мүсінін орнатқан да осы кісі. Қазаққа аянбай қызмет қылған Тәшеневтің өзіне енді елордада ескерткіш қойылғалы жатыр.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Жұмабек Тәшеневке де жоспарда бар. Осы жаз айының соңына дейін ашамыз деген ойымыз бар. Ескерткіш дайын. Оның орнын сол Тәшенов көшесінде белгіледік. Соны қазір дайындық жұмыстарын бітіріп, сосын ашатын уақытын айтатын боламыз.

Алып ескерткішті еркін түсіруге мүмкіндік бермеді. Сондықтан телефон қолдануға тура келді. Ер Жұмабектің еңселі кескіні – енді буынның бойына рух дарытар. Қазір Шымкент қаласында ғана қайраткердің шағын бюсті бар екен. Одан кейін үш бірдей мектепке Тәшеневтің аты берілген. Қазаққа қалтқысыз қызмет қылған мұндай жанға мұның өзі аздық ететіндей...

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Марат Диқанбаев, Жарқын Мырзахан