Тараз тұрғыны бір құмыра күміс монета тауып алды

Тараз қаласының тұрғыны Қызыл жұлдыз ауылының маңынан өтіп бара жатып, кездейсоқ бір құмыра көне тиын тауып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табылған монеталар ұсақ етіп кесілген. Ғалымдар бұл көмбенің иесі саудагер болуы мүмкін деп болжап отыр. Рафаэль Искандеров жалпы салмағы жарты келіге жуық тиын бөлшектерін тарихи-мәдени қорық-музейіне табыс етті. Ғалымдар мұндай ірі көмбенің табылуы алғаш рет деп отыр. Олар күміс теңгелердегі арабша жазулар мен белгілерге қарап «саманидтер» дәуірі, яғни 10 ғасырдың ортасына жатады деп топшылады. Енді мамандар көмбе табылған жерді зерттеуге кіріспек.

Рафаэль Искандеров, Тараз қаласының тұрғыны:

- Көлігім бұзылып, жол жиегіне тоқтадым. Жөндеу үшін түсіп едім, көзіме құмыра сынықтары түсті. Жанында жылт-жылт еткен бірнәрсе көрінді. Анықтап қарасам, жылтыр металл сынықтары. Топырағымен бірге бір уыс қылып үйге алып келіп жудым. Араб жазуы бар монета сынықтары болып шықты. Ешкімге айтпай, сатып жіберу туралы ұсыныстар айтылды. Менің ойымша, мұндай заттар сатылмауы керек. Бұл заттар – бізде жоқ құндылықтар. Өскелең ұрпақ оны білу керек. Көру керек. Тарих қой бұл.

Нұрлан Бықыбаев, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

- Музейдің өзінің археолог мамандары бар. Келесі аптадан бастап комиссия құрғызып, орнын көреді. Егер дәл сол жерден нақты табылып, әлі де шығып жатқан дүниелер болса онда болашақта біз сол жерді қазуға тырысамыз. Өзіміздің фондқа өткіземіз. Құнды экспонаттарды экспозицияға орналастырамыз.