Арнайы үйірмелер мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс істейтін болады

Өнер мен кәсіпті қатар дамытуға болады. Қыштан құмыра жасап, ата кәсіпті жаңғыртқан Биназир Сұлтан осылай дейді. Ол әсіресе өнер адамдарының Президент назарына іліккеніне дән риза. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жас дарындардың үнемі ізденіс үстінде екенін меңзеп, Үкіметке оларды дәріптеп, қолдауды тапсырған болатын.

Биназир Сұлтанның есімі ғана емес, еңбегі де ерекше. Қыштан бұйым жасайды. Сурет пәнінен сабақ берген бұрынғы мұғалімнің жалақысы мардымсыз еді. Қазір бала оқытумен қатар эксклюзивті ыдыс жасауға құмар. Онысын сатып пайда да тауып отыр. Ең бастысы, жас суретші жалақы қуып, өзге салаға кеткен жоқ. Сүйікті ісімен айналысады.

Биназир Сұлтан, қолөнерші:

- Өте жеңіл бізде жеке кәсіпкер болып жұмыс істеу. Налогтардан босатылып отырмыз. Сосын білім де бере аламыз. Бізге мектептен оқушылар келіп жүр. Қазір күніне он бала келеді.

Биназир шығармашылыққа хобби ретінде қарамау керек дейді. Себебі әлемнің дамыған елдерінде сурет, қолөнер арқылы ақша табу байырғы дағды. Сүйікті ісінің жемісін жеу кез-келген өнер адамына шабыт сыйлайды. Тек мұндайда жеке ғимараттың болмауы және шикізаттың қымбатшылығы қолбайлайтыны бар.

Биназир Сұлтан, қолөнерші:

- Бұл материалдар бар, бірақ жұмыс ресурсы қажеттілік етеді. Ол да уақыт еншісінде. Егер материал шығаратын, өндірістік адамдар болатын болса, оларға жұмыспен қамтылу мүмкіндігі бар еді. Ол жақ ақсауда. Ол жақты да ұйымдастыру керек.

Кейіпкеріміз өз өнері арқылы нан тауып отыр. Тек суретшілікпен күн көру оңай емес болғандықтан заманға бейімделіп, өтімді тауар жасайды. Қалай дегенмен, өнер адамдарына мемлекеттің қолдауы қажет екені көрініп тұр. Ақиқатына келсек, елдегі мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы енді ғана назарға алынды. Соның бірі елордада министрлік пен әкімдік арасында меморандум жасалып, республикалық ұйымдарда жұмыс істейтін жандарды баспанамен қамту реттелмек.

Күміс Сейітова, ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы ең төмен. 2020 жылы бірінші рет көп жылдан бері көтерілмей келе жатқан 35 процентке жергілікті жерде және 50 процентке республикалық деңгейде көтерілген болса, 22, 23, 24-те тағы да 60-қа жуық процентке көтеріледі. Бұл әлеуметтік жағынан өте үлкен шара деп есептеймін.

Түрлі фестиваль, байқаулар елдегі мәдениет өкілдерінің шығармашылық тұрғыда дамуына ықпал етері хақ. Биылдан бастап арнайы үйірмелер мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс істейтін болады. Биназир Сұлтан да осы бастамаға үміт артады. Өтініш беріп қойған. Сол өтініші ескеріліп, қолдау тапса ата-баба кәсібін жаңғыртып 120 баланы қыш өнеріне баулитын болады.

Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан