Қ.Аманжоловтың мерейтойына орай Еуразия ұлттық университетінде сурет көрмесі ашылды

Қ.Аманжоловтың мерейтойына орай Еуразия ұлттық университетінде сурет көрмесі ашылды

Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сурет көрмесі ашылды.

Мәдени іс-шараға Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мұрындық болды. Оқу орнының жанынан ашылған Қасым Аманжолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығы өршіл ақынның өміріне қатысты тың мәліметтерді жастардың назарына ұсынып, шығармашылығын кеңінен дәріптеуді ұйғарған. Көрмеге ақынның ескі баспалары, кітаптары мен фотосуреттері қойылды. Сонымен бірге Қасымның қызы Дариға Аманжолованың қолынан шыққан туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғаповтың айтуынша, ақын атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жұмыс істеп жатқанына бір жылға жуықтады. Десе де, осы уақыт аралығында рухты ақынның ел білмейтін еңбектерін тауып, зерделеуге кіріскен.

Жансая Жарылғапов, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры:

– Қасым Аманжоловтың мынау өзіміздің түрік халықтарының шығармашылары аударғандағы еңбектері енді-енді белгілі бола бастады. Бұрын ғылым ат ізін салмаған аудармалары, тіпті анау қалмақтың ескі дастаны «Жәңгір» деген үлкен дастанды аударуы, мынау еш жерде айтылмаған, оның елеусіз қалған тұстары бар. Сонымен қатар Қасымның мынау Семей кезеңіндегі өмірі, кешегі Алаш идеяларының жалғастығы туралы сөз тек бүгінгі күндері ғана айтылып жатыр.