Қарағандыда белгілі суретші Сахи Романов картиналарының көрмесі өтіп жатыр

Қарағандыда белгілі суретші Сахи Романов картиналарының көрмесі өтіп жатыр

Қарағандыда белгілі қазақ суретшісі Сахи Романов картиналарының көрмесі өтіп жатыр. Облыстық бейнелеу өнері мұражайына шебердің 30-дан астам туындысы қойылған.

Сахи Романов халық ертегілеріндегі кейіпкерлердің бейнесін салумен танымал. Соның ішінде халыққа жақыны «Алдар көсенің» бейнесі. Ол «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. Көптеген кинокартиналардың қоюшы-суретшісі. Шәкен Аймановпен дос әрі тізе қосып еңбек еткен. Мәскеудегі көркемсурет мектебі мен бүкілодақтық кинематография институтын бітірген оның картиналары Ақтоғай ауданында туған жерінде сақталған екен. Кейін археологиялық музейге суретші өз қолымен табыстаған. Жалпы Сахи Романов балалар үйінде тәрбиеленіп, тек ер жеткенде ғана Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тумасы екенін білген. Себебі зұлмат жылдарында небәрі 6 жасында пойызда кетіп бара жатқан кезінде анасынан адасып қалған.

Бибігүл Құдабаева, облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры:

- Өткен ғасырдың 30-жылдары аштықтың дендеп тұрған кезі болса керек. Әркім бас сауғалап жан-жаққа кетіп жатқан. Сахи болса сол кезде жақындарымен Қызылорданы бетке алып кетіп бара жатыпты. Бірақ пойыздың ішінде адасып кетеді. Кейін оны өзге адамдар тауып, аты-жөнін сұраған кезде ол «Сағи» деген. Бірақ оны дұрыс түсінбей «Сахи» деп, тегін Романов деп жазып жіберген. Кейін ол  елуден асқан кезде туған әпкесін тауып алған.