Айтыс: «Алтын домбыра» Бекарыс Шойбековке бұйырды

Айтыс: «Алтын домбыра» Бекарыс Шойбековке бұйырды
Елорда әкімдігі

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qazaqstan» орталық концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен «Тәуелсіздік қасиетім, қастерлім!» атты республикалық ақындар айтысының финалы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға, бүгінге дейін ұласып келе жатқан асыл мұра.

Осы киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал ету үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш республикалық ақындар айтысын өткізді.

«Qazaqstan» орталық концерт залында ақындар айтысының бірінші күні болып өтті. Аталған дүбірлі доданың әділқазы алқасына көрнекті өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері – Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Сонымен қатар, айтыс ақыны, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев және өзге өнер, қоғам қайраткерлері қазылық етіп, 22 ақыннан финалға 12 ақынды жүйрік деп таныды.

Ақтық сында Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Жігер Бөкен, Рауан Қайдаров, Қалижан Білдәшов, Бауыржан Ширмединұлы, Төлеген Жаманов, Нұрзат Қару, Мейірбек Сұлтанхан өнер көрсетті.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен мерекелік айтыста ақындардың ешқайысы да жүлдесіз қалмады. Ынталандыру сыйлығына Арғынбек Қалбаев, Төлеген Жаманов, Бауыржан Ширмедин, Нұрзат Қару, Рауан Қайдаров, Қалижан Бірдәш ие болды. Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімовтің ұсынысымен тағайындалған арнайы жүлде Бөкен Жігерге берілді. Үшінші орынға екі ақын лайық деп танылса, оны Рүстем Қайыртай мен Жансая Мусина еншіледі. Екінші орынға Мейірбек Сұлтанхан ие болды. Бірінші орын мен «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісі Еркебұлан Қайназаровқа берілді.

Ал бас жүлде – «Алтын домбыра» және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағайындаған темір тұлпар жыр аламанында шашасына шаң жұқтырмаған Бекарыс Шойбековке бұйырды.