Ақмола облысында ашылатын сал-серілер музейіне Біржан сал есімі беріледі

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Ақмола облысының Степняк қаласында Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музейі ашылады, деп хабарлайды Хабар 24.

Онда атақты әнші-композитор жайлы еңбектер мен оның өмірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылды. Біржан салдың домбырасының көшірмесі де бар. Одан бөлек, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ақан сері мен Абылай хан мұрасына арналған бұрыштар жасақталған. Әзірге мұнда 100-ден астам жәдігер қойылған. Алдағы уақытта біртіндеп толығады. Музей ашылған соң оқушыларға экскурсия ұйымдастырылып, балалар үшін ашық сабақ өткізу жоспарланған.

Айта кетейік, қазір облыстың 7 ауданында тарихи өлкетану музейі бар. Көбінде археологиялық жәдігерлер қойылған.

Дәулет Мұхтарханұлы, Біржан сал аудандық мәдениет үйінің директоры:

– Жалпы бұл музейдің негізгі тақырыбы Біржан сал атындағы арқаның сал-серілер музейі. Мен жалпы Қазақстанды түгел аралап шықтым. Сонда сал-серілерге арналған осындай музейді көрген жоқпын. Біржан сал атамыздың атымен аталуы да тегін емес. Өйткені Біржан сал атамыздың зираты осында болғаннан кейін, ол кісінің атындағы аудан болғаннан кейін, Біржан салдың елі әннің меккесі, өнердің өлкесі болғаннан кейін Біржан салдың аты берілуі бұл – заңды.