Токиода Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды

Токиода Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды

Токиода Жапонияның «Toyo Bunko» атты ірі кітапханасы мен мұражайында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме ашылды.

Аталған фотокөрмені Қазақстан Елшісі Сабр Есімбеков, «Toyo Bunko»-ның басқарушы директоры Ясуюки Сугиура және мұражай директоры Кеничиро Хирано ашқан. Мәдени іс-шараның ашылуына мұражай қызметкерлері мен қонақтары да қатысты.

Жергілікті халықтың назарына ұсынылған экспозицияда Қазақстанның көрікті жерлерін, еліміздің жарқын пейзаждарын, тарихын, бай мәдениеті мен табиғатын, сондай-ақ дәстүрлі өмірін бейнелейтін фотосуреттер бар.

Елші өз сөзінде бір жарым ай уақыт аралығында осы көрмеге шығарылған 30-дан астам фотосуреттерді көруге келетін халық Қазақстанмен таныса алатынын атап өтті.

«Toyo Bunko» директоры қазақстандықтарды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ол басқаратын ұйымның негізін қалаушы бүгінде Қазақстан нарығында кеңінен ұсынылған «Mitsubishi» компаниясы екендігін атап өтті. Елші мен мұражай басшылығы одан әрі ынтымақтасуға және болашақта бірлескен іс-шаралар өткізуге келісті.

Іс-шара аясында елшілік кітапхана қорына Қазақстанның тарихы мен табиғаты туралы ағылшын тіліндегі кітаптар жинағын, қазақ ғалымы және шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың еңбектер кітабын, қазақ ақындары поэзиясының жинағын, сондай-ақ қазақ ағартушысы, ақын Абайдың жапон тіліне аударылған шығармалар жинағын табыс етті.

«Toyo Bunko» Жапониядағы ең ірі азиялық зерттеу орталығы және әлемдегі ең үлкен бестіктің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта кітапханада Қазақстан тарихына арналған 100-ден астам кітап бар.

Көрме Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толған мерейтойлық күн -  2022 жылдың 26 қаңтарына дейін ашық болады.