Қазақстандық дизайнерлер жаңа топтамаларын таныстырды

Қазақстандық дизайнерлер жаңа топтамаларын таныстырды

Францияда тұратын қазақстандықтар да еліміздің тәуелсіздік күнін атап өтті. Салтанатты шарада сәнгерлер жаңа топтамасын таныстырды. Тілшіміз де Париж қаласындағы мерекелік көңіл-күйді сезініп қайтты. 

Бүгінде Францияда жүздеген қазақ отбасы өмір сүреді. Олардың саны айтарлықтай көп болмаса да, талантқа кенде емес. Індетке дейін олар Қазақстанның тәуелсіздік күнін дүбірлетіп атап өтетін. Шараға қазақстандық әртістер қатысатын. Ал шекара жабылғалы мерекені ұйымдастыру ісі франциядағы қазақтардың өздеріне жүктелді.    

Мерекеге орай, Францияда тұратын дизайнерлер көпшілік назарына өздерінің жаңа топтамасын ұсынды. Танымал сәнгерлер заманауи киім үлгілерін таныстырды.

Мади Сыпатаев, дизайнер:

– Бұл Түркістан топтамасы. Соңғы уақытта дәл осыған басымдық беруге тырысып жатырмыз. Өйткені жұрт Қазақстан жайлы көбірек білсе дейміз. Киімдеріміз француз үлгісінде болғанымен, олар қазаққа тән ою-өрнектермен безендірілген. Өте үйлесімді.

Гүлнұр Мамежанова, дизайнер:

– Топтамамды Парижде төрінде таныстырғаныма өте қуаныштымын. Бәріңізді мерекеме құттықтаймын!

Қазақтың тұскиіздері мен бейнелеу өнерінен құралған коллекция мерекенің көркін аша түсті. Руханият тақырыбына арналған шағын көрмеге шетелдік қонақтар асқан қызығушылық танытты.

Лора Сюстьел, өнер сарапшысы:

– Қазақ тоқыма өнерінің үлгілерін көріп, үлкен ләззат алдым. Мен бұған дейін де осы аймақтағы халық шығармашылығымен таныс болғанмын. Бірақ бүгінгі кеш арқылы соны жақыннан көріп отырмыз. Бәрі өте әдемі.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІН АТАП ӨТТІ

Францияда тұратын қазақстандықтар үшін мұндай мереке – жай кездесу емес. Бұл жылды қорытындылауға мүмкіндік беретін жиын. Биыл Парижде Абай ескерткіші ашылды, қазақ-француз астаналары арасында ерекше қарым-қатынас орнады.

Жанар Авар-Төребаева, Ренн қаласындағы Қазақстанның құрметті консулы:

– Бұл атажұртынан алыста жүрген қазақтар үшін аса маңызды шара. Біз әрдайым Қазақстанның бейбітшілікте өмір сүріп, оның ары қарай өркендей беруіне дұға етіп, осында оның беделі жоғары болуы үшін қолдан келгенше тырысып жүрміз. Мақсатым осы. Қазақстанда туыс-өскен азаматтардың қандай екенін көрсеткім келеді.

Қазақстан үшін айрықша күнге Францияның да тікелей қатысы бар. Себебі бұл еуропа бойынша еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет. Оның үстіне қазақ-француз қарым-қатынасының орнағанына да биыл 30 жыл толады.

Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан