Қызылордада «Моя большая казахская семья» фильмі көрермен назарына ұсынылды

Қызылордада «Моя большая казахская семья» фильмінің таныстырылымы болды. Отандық режиссер Ален Ниязбековтың комедия жанрындағы туындысы отбасы құндылықтары мен ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты ашуға тырысқан. Басты рольдерді елімізге белгілі актерлер ойнап шыққан.

Ине шаншыр орын жоқ. Мұндай көрініс кинотеатрларда біраздан бері байқалмағаны рас. Әуелі отбасылық комедияның басты қаһармандары таныстырылды. Содан кейін негізгі бөлім – көрсетілім басталды. Туынды 4 баласы бар қазақ отбасы жайлы. Тұңғышының келіншегі армян ұлтынан. Онан кейінгі екі күйеу баласы орыс пен кәріс. Ал әкелерінің соңғы үкілеген үміті – кенже қызын қазақ жігітіне ұзату – басты арманы еді. Оқиға осы жерден шиленісе түседі.

Дина Тасбулатова, актриса:

- Бұл әзілі жоқ әзіл. Көрерменді күлдірді, көңілін көтерді. Сыйластық, құрмет, ізгілік секілді құндылықтарды осы шығарма арқылы тереңірек түсінуге болатындай.

Фильмге 13 актер қатысқан. Отағасының ролін елімізге белгілі актер Қуандық Шәкіржанов сомдап шықты. Сондай-ақ басты рольдерде Дина Тасбулатова, Гульнара Сильбаева, Шынар Аскарова, Асель Садвакасова сынды танымал актрисаларды көруге болады.

Рүстем Алмағамбетов, актёр:

- Менің де отбасым, балаларым бар. Мен болашақта осы фильмдегідей жағдайға кезігер болсам және қызым ағылшын жігітін таңдар болса, мен қарсы болмаймын.

Шынар Асқарова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актриса:

- Махаббат бар жерде ештеңе кедергі болмайды. Сен орыссың ба, кәріссің ба, басқа неміссің ба егер шын мәнінде махаббат келетін болса ештеңеге қарамйды, сол туралы. 

Фильм қаншалықты межелі мақсатына жете алды. Оның бағасын енді қалың көрермен береді. «Моя большая казахская семья» фильмі 23 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхаммед Байділдаев