Түркістан – мәдениеті мәңгілік шаһар  

Қазақстанда теңдесі жоқ заманауи кітапхана, жаңа технологиямен жабдықталған мұражай және алғашқы қойылыммен елді елең еткізген театр Түркістанның мәдени жауһарына айналды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұлар – Түркістанда жаңадан ашылған мәдени нысандар. Осы ғимараттардың барлығы рухани шаһарға туристер тарту үшін ғана емес қаланың бай мәдениетін көрсету мақсатында салынған. 

Жандос Жұмабек, тілші:

– Тарихи деректерде Түркістанның XVI ғасырдан, яғни Есім ханның тұсынан бастап үш ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болғаны айтылады. Сол тұста Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қазақ хандары отыратын орталыққа, яғни резиденцияға айналған. Мұнда Қазақ халқының ел болу жолындағы талайлы тағдырына қатысты түрлі шешімдер қабылданған. Сондай-ақ ел басына күн туған алмағайып замандарда қиян-кескі ұрыстар жүргені тарихтан мәлім. Сол кездегі Қазақтың игі жақсыларының бәрі осы жерде жерленіп, жандары мәңгілікке тыныштық тапқан. Сонымен қатар мұнда атағы алысқа кеткен шығыс базарлары сауданың көрігін қыздырған. Яғни ғасырлар бойы дамыл таппаған Түркістан қазір бай мәдениеттің орталығына айналуда.

Мысал ретінде өткен жылы ашылған көпфункционалды «Фараб» кітапханасын алайық. Ол басқа кітапханаларға мүлде ұқсамайды. Өзінің заманауи қырларымен ерекшеленеді. Біріншіден, жаңа ғимарат еуропалық үлгіден салынған. Екіншіден, жарық әрі мұнда жанға жайлы классикалық әуен үздік ойнап тұрады. Үшіншіден, жастарға барлық жағдай жасалған.

Гүлжан Жоламан, қала тұрғыны:

– Бұрын Түркістанда қалалық кітапханалар болған. Ол жерде дәстүрлі кітапхана сақталған. Тыныш отырып, керек кітабыңызды оқисыз. Ал бұл жерде жалпы жастар мен оқырмандар үшін үлкен мүмкіндіктер жасалған. Біз сияқты студент жастарға үлкен мүмкіндік.

Кітапхана қорында 250 мың кітап бар. Олардың ішінде араб, түркі, шағатай тілдерінде жазылған көне қолжазбалардың көшірмелері де кездеседі. Сондай-ақ коворкинг орталығы, дыбыс жазу студиясы, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Одан бөлек дәмхана, сыйлықтар дүкені және 390 орындық концерт залы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, заманауи технологиялармен жабдықталған ғылыми-әмбебап кітапхана жастардың сүйікті орталығына айналған. Төрт қабатты ғимаратта кітапқұмар жастар білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асырады.

Жанат Шардарбекова, облыстық әмбебап ғылыми «Фараб» кітапханасының директоры:

– Бірінші қабаттың ерекшелігі – әлемдік Фаблаб жүйесі бар. Робата техника және шығармашылықпен айналысуға арналған. Бұл біздің Қазақстанда бірінше рет деп айтсақ болады, кітапханада орналасқан. Фаблаб жүйесінің түпкі мақсаты – келген оқырмандар мен жастарды шығармашылығын шыңдап, кітаптан көрген дүниесін немесе өзінің қиялындағы дүниесін бес машинаның көмегімен лазерлік аппарат бар, соның көмегімен жасап шығарады.

Тарихта Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші бай кітапхана Отырарда болған деген аңыз бар. Оны Шыңғыс хан Отырарды жермен-жексен еткеннен кейін түгелдей өртеп жібергені айтылады. Ал Түркістандағы жаңа кітапханаға Фараб есімінің берілуі де тарихи заңдылық дейді мамандар. Себебі 33-ке жуық әл-Фарабиді тәрбиелеп шығарған өңірде «Фараб» кітапханасының болғаны рас. Сондықтан бұл жерден де талай оқымыстылар шығатынына сенімді.

Тарих пен мәдениетті ұштастыратын қаладағы тағы бір көркем ғимарат – «Ұлы дала елі» орталығы. Мұражай Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында ашылған. Орталық 9 экспозициялық залдан тұрады. Мұнда мақаладағы «Ұлы Даланың жеті қыры» толығымен қамтылған.

Гүлжанат Дүйсенбаева, «Ұлы дала елі» орталығының директоры:

– «Жеті қыры» деген не? Бірінші – металургия, екінші – атқа міну. Атқа міну мәдениеті біздің қазақтан шыққан. Оған дәлелді толық осы жерден аласыз. Алтын адам. Есіктен табылған алтын адамнан бастап, қалған алтын адамдардың жиынтығы осы жерде. Жақында Оралдан «Тақсай аруы» деген алтын адам осы жерге келеді. Алма, қызғалдақ, одан кейін «Ұлы жібек жолы» толығымен қай жақтан басталып, қай жақтан аяқталғанына дейін осы жерден мәлімет аласыздар. Одан кейін Қазақ хандығы.

Орталық тас дәуірінен бастап қазақ даласының барлық тарихын қамтиды. Мұнда тек тарихи жәдігерлер көрсетілмейді, барлық әр залда 7D форматтағы интерактивті мониторлар қойылған. Онда батырманы бассаңыз болды Қазақтың хандары мен батыр, билері өздері билік құрған кездердегі түрлі оқиғалар туралы үш тілде әңгімелеп береді.

Еркебұлан Құрышбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

– Келіншегім екеуіміз Алматыдан келдік. Түркістанды көрейік деп. Керемет өзгерістер болып жатыр екен. Бұрын ел айтатындай мәдениет болмаған деген сияқты емес, қазақ хандығының өзі бір ұлы хандық болғандығы, тілі дамыған, мәдениеті дамыған өте мықты мемлекеттердің бірі болғандығына көзімізді жеткіздік.

Ал бұл – мәдени-рухани аймақта орналасқан Түркістан музыкалық драма театры. Жақында ғана өзінің бірінші маусымын көрнекті драматург, жазушы Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен ашты.

Түркістан қаласының орнындағы алғашқы қоныстар осыдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Оны ғалымдар қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлерді зерттеу барысында дәлелдеген. Бұрын киелі шаһар негізінен дін мен тарихтың, руханият пен қолөнердің орталығы ретінде танылып келсе, қазір Түркістанның жаңа мәдени даму кезеңі басталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш