Бейсен Құранбек бастамасымен қолға алынған жаңа радио өз жұмысын бастады

Алматы облысында жаңа радио ашылды.

Ақпарат айдынына қосылған «Жетісу» радиосы мәдени-танымдық бағытта жұмыс істейді. Шығармашылық ұжым мәнді мағыналы хабарлар дайындап, сыр сұхбаттар ұйымдастырмақ. Негізінен қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын насихаттайды. Өңірде 1997 жылға дейін облыстық радио болған. Алайда ол тоқырау жылдары жабылып қалған. Оны қайта жаңғыртуды елімізге танымал журналист Бейсен Құранбек қолға алған болатын. Басталған істі марқұмның әріптес-достары аяғына дейін жеткізіп, радионы іске қосты. Әзірге облыстағы тоғыз аймақты қамтып, хабар тарата бастады. Басымдық интернеті шектеулі шекаралық аймаққа берілді.  

Есболат Айдабосын, «Жетісу» радиосының жетекшісі:

– Қордай жаққа барсаң, қырғыз радиосы, Қытай шекарасына жақындасаң, Қытай радиосы сөйлеп тұрады. Сондықтан біз мына Жаркент, Алакөл аймағын, Райымбек ауданын қамтуға тырысып жатырмыз. Одан арғы жылдары облысты қамту, мүмкін болып жатса, республикаға тарату сияқты жұмыстар кезегін күтіп тұр.