«С Новым Годом, девчонки!» фильмі көрерменге жол тартты

Алматыда Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында жаңа фильмнің тұсауы кесілді. «С новым годом, девчонки!» деп аталатын комедиялық туынды ертеңнен бастап киносүйер қауымға жол тартады. 

Жәния есімді тіс дәрігерін той алдында сүйген жігіті тастап кетеді. Депрессияға түскен бойжеткенді құрбылары жұбатып, тығырықтан шығар жол іздейді. Сая мен Дана құрбысы Жәнияға көмектесу үшін жолға шығып, астанадағы қасиетті тасты іздейді. Аңыз бойынша қасиетті тасқа қолы тиген адамның арманы орындалады екен. Осылайша, үш қыздың жаңа жыл алдындағы сапары шытырман оқиғаларға ұласады.

Алмат Шадмат, фильм продюсері:

– Жалпы үш кейіпкеріміз Есеева Дана, Сая Оразғалиева және Жәния Журинская сол өмірден алынған және үшеуінің оқиғалары. Соны режиссер бізге сценарий ретінде ұсынып, ақылдасып осы киноны түсірдік.

Комедиялық фильмнің тұсаукесері «Kinopark 11 IMAX Esentai» кинотеатрында өтті. Басты рөлді ойнаған актерлер мен шығармашылық ұжым мүшелері туындының алғашқы көрермендерімен кездесіп, түсірілім кезіндегі қызықты сәттерін еске алды.  Фильм режиссерінің айтуынша, жаңа жылдық комедияның бір бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында түсірілген. Елорданың аязы мен бораны біраз қиындық тудырыпты.

Асқар Бисембин, фильм режиссері:

– Бұл шытырман оқиға Роуд-муви форматындағы фильм. Яғни, басты кейіпкерлер жол сапарда әртүрлі жағдайларға тап болады. Бұл туынды арқылы қыздардың арасындағы шынайы достықты көрсетуге тырыстық.

78 минуттық комедиялық фильм ертеңнен бастап «Kinopark» кинотеатрлар желісінен қалың көрерменге жол тартады. Өмірде де, өнерде де бірге жүрген құрбылардың хикаясын баяндайтын картинаға баға беру көрерменнің еншісінде.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов