Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО тізімінде қала ма?

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Дүниежүзілік мәдени мұралар тізімінде қала ма, әлде алып тастала ма? Бұл мәселе ЮНЕСКО комитетінің алдағы отырысында қаралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік сарапшылар Әзірет Сұлтан музейінің аумағына жақын маңда жүргізілген ауқымды құрылыс жұмыстарына алаңдаулы. Егер ол тарихи нысанға зиянын тигізгені анықталса, кесене дүниежүзілік мәдени мұралар тізімінен алынып, жойылып кету қаупі бар мұралар санатына жатқызылады. Өткен аптада ЮНЕСКО-ның сарапшылары Түркістан қаласына арнайы келді. Апта бойы ЮНЕСКО-ның тізіміне енген кесене аумағындағы 88 гектар жерге жүргізілген абаттандыру, қалпына келтіру және ежелгі сәулетті сақтау жұмыстарымен танысты. Одан бөлек бұл аумақтың сыртында жүргізілген құрылыстан кесенеге зиян келген-келмегенін тексерді. Алайда сарапшылар қазір тарихи ескерткіштің жағдайы жақсы екенін айтады.

2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27 сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген болатын.

Она Вилейкис, ЮНЕСКО-ның сарапшысы:

– Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – тек Орта Азияда ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды тарихи ескерткіш. Қанша ғасыр өтсе де, алмағайып замандарды басынан кешірсе де, әлі күнге сыны кетпеген. Біз ең алдымен кесене аумағын көгалдандыру, абаттандыру барысында суландыру жүйлерінің жүргізілуін, қалпына келтіру, құрылыс жұмыстарының әсерін қадағаладық. Тарихи мұраның сүйегі мықты екеніне көз жеткіздік.

Джеймс Рип, тарихи мұраны сақтау бойынша магистрлік бағдарлама үйлестірушісі, профессор:

– Тарихи жәдігер Дүниежүзілік мәдени мұралар тізімінде қалу үшін қазақстандық мамандар тарихи мұралар комиссиясының жиынында кесененің басқарылуы, ғимараттың жағдайы, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыруы шарт. Біз сол құжаттарды дайындауға, тарихи нысанның жағдайы жақсы екенін дәлелдеуге көмектесеміз. Сол үшін тексеру, зерделеу жұмыстары жиі-жиі жүргізіліп тұрады.