Жазушылар мемқызметшілерге кітап сыйлауды бастады

Жазушылар мемқызметшілерге кітап сыйлауды бастады

Түркістан облысынан шыққан жазушылар мен зиялы қауым өкілдері мемлекеттік қызметшілерге кітап сыйлауды бастады.

Игі шара «Кітап сыйла» акциясы аясында өтіп жатыр. Алғашқы қонақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлі болды. Композитор Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне 55 кітап сыйлады. Шығармалардың арасында Әл Фарабидің 10 томдығы, классик жазушылар мен белгілі ақындардың көркем туындылары және түрлі тақырыптағы танымдық дүниелер мен ғылыми еңбектер және спорт тақырыбындағы жинақтар бар. Акцияның бір ерекшелігі келесі қонақ келгенге дейін бұл кітаптар осында тұрады. Департамент қызметкерлері оқып, танысады. Одан кейін «Фараб» кітапханасына жолданады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі қонақ  белгілі ақын Мұхтар Шаханов болмақ. 

Қалдыбек Құрманәлі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор:

- Біз кітапты сақтап қала алмасақ, ұрпақты сақтап қала алмаймыз. Кітап қорын дамыта беруіміз керек. Кітап оқу арқылы адамның мәдениеті, ішкі жан дүниесі, білім көкжиегі кеңейіп, еліміздегі өзекті мәселелерді қозғайтын боламыз. Сондықтан да бұл бір ғана департаменті басталған іс-шара ары қарай жалғасын табады деп ойлаймын.