Қостанай облысында бір мезетте мың домбырашы қазақ күйін күмбірлетті

Ұлттық домбыра күнін қостанайлықтар кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі байқау, концерттер, әсерлі кештер бір аптаға жалғасты. Арқалық қаласында мың домбырашының бір мезетте күй тартуы жиналған жұртты тәнті етті. Бұл жолғы «Ұлттық домбыра» күні қостанайлықтар үшін халықтық мерекеге айналды десе болады. Қаланың өнерпаз ұжымдары бір апта бойы ел аралап, көпшілік жиналатын орындарды, сауда орталықтары мен аула, алаңдарды әсем әнмен, тәтті күйге бөледі. 

Мұрат Нағашыбай, халық шығармашылығы орталығының әдіскері:

– Біз осы Қостанай облысына қарасты шағын аудандарды аралап жүрміз. Жиырма шақты жалпы іс-шара ұйымдастырдық.

Әсіресе Арқалықтағы мерекелік шаралар ауқымдылығымен ерекшеленді. Өңірлік күй орындаушылар байқауы, ақын Еркебұлан Аңдамасовтың шығармашылық кеші осы айтулы күнмен байланыстырылды.

Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:

– Арқалық өнер мен мәдениеттің тоғысқан ордасы десек, артық емес. Жылдан-жылға домбыра тартатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Арқалық нағыз өнер ордасы екендігіне көпшілік тағы бір мәрте көз жеткізді. Мың домбырашы бір мезетте Құрманғазының, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындағанда тебіренбеген жан қалмаған шығар. Мың адамның басын қосып, әуенді бір екпінде нақышына келтіріп орындап шығу әрине оңай емес. Оның дайындығына жарты жылға жуық уақыт кеткен. Мың домбырашының егдесі 87 жаста болса, ең жасы небары сегізде. Ал Бөлтіріковтер әулетінен 22 домбырашы осы шараға қатысты. Жұрт алдында сөз алған мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов облысы әкімінің құттықтау тілегін жеткізді. Күй тартысының жеңімпаздарына мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік бағдарлама гала концертке ұласып, отшашумен аяқталды

Авторлары. Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг