«Славян базары»: ересектер арасындағы халықаралық өнер фестивалі басталды

Биыл еліміздің атынан өнер додасында Ерік Төленов өнер көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ән сайысына 14 елдің өкілі қатысады. Жерлесіміз алғашқы кезеңде 62 ұпай жинады. Өнер додасының жалғасы әрі шешуші сәті бүгін түнде өтеді. Ал осы өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған бишілер бәсекесі өз мәресіне жетті. Қазақстан атынан екі топ қатысты. Оның бірі Алматылық «Сармат» хореографиялық ансамблі. Бүлдіршіндер сахнада сергек қозғалып, би арқылы қазақтың салт-дәстүрін паш етті. Олар бұл өнері үшін арнайы марапатқа ие болды. Ал Жезқазғаннан барған «Шалқыма» би ансамблі жұрт назарын аударды. Жастар жібек жолы, оның тарихын, сауда-саттықтың даму кезеңін көрсетті. Терең мағыналы би, көрерменнің де, қазылар алқасыныңда көңілінен шықты. 19 үміткердің ішінен дәл осы топ үшінші орынды иеленді. Бас жүлде ресейліктерге бұйырса, бірінші және екінші орынға Армения мен Қырғызстаннан келген бишілер лайықты деп танылды.

Мақпал Садықова,  «Шалқыма» өнер академиясының жетекшісі: 

- Жібек жолын барынша көрсетуге тырыстық. Түркістанымызды да ЛЭД экран арқылы көрсеттік. Қыздар жарады. Қаншама мемлекеттің арасында үшінші орын алу деген үлкен дәреже деп ойлаймын.

Әдемі Асылбекова, биші:

- Байқауға жарты жыл дайындалдық. Мұғалімдер мен демеушілердің арқасында біз осы елге келіп отырмыз. Жетістіктер сол кісілердің арқасында.