Орталық Азияның терең тарихы зерттеледі

Өзбекстан ғалымдары әлемнің түкпір-түкпіріндегі бай мәдени мұраны жинақтап, 60 томдық кітап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл іске Қазақстан мен Ресейден бөлек, Италия, Жапония архивтеріндегі құнды қолжазбалар қолданылған. Ендігі кезек тұтас Орта Азияның тарихын түгендеу. Зерттеу жұмыстарына қазақстандық ғалымдар да атсалыспақ.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан ортақ тарихты тануға күш салып жатыр. Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас тек экономика салаларында ғана емес, рухани-мәдени бағытта да жалғасады. Бес елдің бай мұрасын біріктірген бірден-бір қала Самарқан. Шаһар әлемге Регистан алаңымен әйгілі. Бұл жердегі үш медресенің екеуін Жалаңтөс салдырған.

Самарқанд биыл Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитін қабылдайды. Қыркүйекте өтетін кеңеске әзірлік қызу жүріп жатыр. Қала көркейіп, гүлденген. Іскерлік кездесулер аясында мәдени фестиваль, өнер керуендері ұйымдастырылады. Осы күні де жер-жерден жиналған суретшілер жүр.

Бақытнұр Бүрдесбеков Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

– Самарқанд – Орталық Азияда қалған архитектуралы құнды қала. Соның бәрін әрі қарай жандандыру үшін әр елден суретшілер келіп, жасап жатыр. Әр адамның көруі әртүрлі. Көре білуі арқылы Бұқараны, Самарқанды, Жизақты, Ташкентті.

Орта Азияның көне заманнан бергі тарихы жүздеген том кітапқа жүк болады. Бұған дейін әр мемлекет өткенін өз бетінше түгендеп келсе, енді бір қолдың саласындай бірігеді. Ежелден отырықшы саналатын өзбек пен тәжік халқында бұл істе тәжірибе көп. Көне қолжазбаларды көздің қарашығындай қорғайды.

Фирдаус Әбдухалықов Өзбекстан мәдени мұрасын зерттеу және сақтау қоғамының басқарма төрағасы:

Орталық Азия бұрында шекара болмаған. Халқы қойын-қолтық өмір сүрген. Сондықтан ортақ мәдени мұраны зерттеп, сақтауды ұсынып отырмыз. Осындай альбом, жинақтар жарық көреді. Музей, кітапхана, архивтеріміз бір мүддеге тоғысса, Орталық Азияның бай тарихын бүкіл әлем білетін болады.

Қазақтың байырғы ауыз әдебиеті де құнды мұраға толы. Музейлерде сан мыңдаған жәдігер сақталған. Соның бір парасы бауырлас халықтардың тарихын қамтиды. Көрші елдерде қазаққа қатысты тарихи деректер де бар.

Суфизода Шодимұхаммад, Тәжікстан орталық ғылыми кітапханасының директоры:

– Тәжікстанның қолжазба мұралары орталығында Шахнаманың шағатай тіліне аударылған нұсқасы бар. Қазақстанның шығыстану институты көшірме үлгісін жарыққа шығарды. Қорымыз жылдан жылға ұлғайып келеді. Қолжазбалар көптеп келіп жатыр. Оны алдағы уақытта зерттесек, Тәжікстан ғана емес, Қазақстанның тарихына қатысты деректерді табуға болады.

Гүлайым Жұмабекова Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры:

– Біздің музейде түрлі елдің өнер туындылары көп. Өзбек халқының да суретшілерінің туындылары сақталған. Соның ішінде 60-тан асатын өнер туындылары бар. Бұл кісілердің келесі жоспары Орталық Азия және Қазақстан деген жинақты шығарғалы отыр.

Жоба ғалымдарды қазақ тарихын түгендеуге де ынталандырып отыр. Бұл іске Орталық Азия деңгейіндегі тың зерттеулер жол ашады. Бір ғана Өзбекстан жерінде бертін келе Мұстафа Шоқай, ілгеріде Төле мен Әйтеке билер қалдырған із келешек ұрпаққа мұра.

Авторлары. Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов