ҚР Президенті Шолпан Атада Мұхтар Әуезовтің бюстін ашты

Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезовтің Шолпан Ата қаласындағы музей-үйіне барды.

Президент музей-үйде Мұхтар Әуезовтің бюстін ашты және құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Мұхтар Әуезовтің Шолпан Атадағы үйі 1959 жылы салынған. Қазақтың ұлы жазушысы бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жұмыс істеген, сондай-ақ өзінің «Өскен өркен» атты соңғы романын жазуды бастаған. Бірақ аяқтап үлгермеді.

1970 жылы қыркүйекте мұнда Мұхтар Әуезовтің кітапхана-музейінің ресми ашылу рәсімі өтті.

Қазіргі уақытта музейде жазушының жеке заттары: үстел, орындықтар, тербелмелі кресло, үстел сағаты, киім ілгіш, кітап шкафы, кітаптар сақталған.

Жазушының қызы Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен кітапханаға алғашқы 5000 дана кітап жиналды. Қазір кітапханадағы кітап қоры – шамамен 12000.
Кітапхана-музейде семинарлар, оқу конференциялары, кездесулер өткізіліп тұрады.