Оңтүстікте ежелгі Иқан қалашығы бүлінгелі тұр

Тұрсын мен Барақ хандар билік құрған Иқан қалашығы бүлініп кетудің аз алдында тұр. Осылай деп дабыл қаққан ауыл тұрғындары «тарихи кешенді айнала радиусы 40 метр жерге дейін мемлекеттің қорғауында болып, ешқандай ғимарат салынбауы тиіс» дейді. Алайда бұл жер жекенің қолына өтіп кеткендіктен сатып алған кәсіпкер тарихи орынға құрылыс бастап кеткен.

Иқан қалашығы Түркістан қаласынан 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 7 метр болатын төбешіктің аумағы 6 гектар жерді алып жатыр. Тарихи деректерде Жібек жолы бойындағы шаһар орта ғасырларда үлкен сауда орталығы болғаны айтылады. Алайда қаланың қашан салынғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Тарихи орын мемлекет қорғауында болғанына қарамастан құрығы ұзын кәсіпкерлер бұл маңды меншіктеп алып, сауда үйін салып жатыр.

Дилшод Саидов, Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі:

- Ескі Иқан номері 18-қорғаны Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдении ескерткіштер тізіміне енеді. Бұл жерде жүріп жатқан құрылыс заңсыз. Бұл бойынша 15 сәуір күні хабардар болдық. 19 сәуір құрылыс аймағына келіп ескерту хат бердік. Әкімшіліктегі мамандармен бәріміз өзімізден жоғары тұрған мекемелердің бәрін осы жағдаймен хабардар еттік.

Тарихымыз бүлінбесін деп шырылдап жүргендердің бірі Беклорхан ақсақал. Ескі Иқан ауылында туып өскен. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария 2 мың жылдық мұрамыз аяқ асты болмаса екен дейді. 

Беглархон Тәжіметов, Ескі Иқан ауылының тұрғыны: 

- Бүгінгі таңда, өкінішке орай, мына Бабаев Залил деген кәсіпкер осы жолдың бойынан үлкен құрылыс жасап жатыр. Бұл аймақтың 40 метр төңірегінде құрылыс жасауға болмайды. Сол үшін мынау қалашықта елдің, жұрттың атынан сұранамын қорғап қалуды.

Иқан қалашығын ең алғаш 1947 жылы Оңтүстік қазақстан археологиялық эскпедициясы, одан кейін 2000 жылдары Түркістан археологиялық экспедициясы зерттеген. Қазба жұмыстарының басы қасында болған археолог Марат Тұяқбаев та бұл мәселенің ұзақ жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқанын айтады. 

Марат Тұяқбаев, тарихшы-археолог:

- Бұл ортағасырлық мұралардың ең төменгі шекарасынпан 50 метр  қоғау аумағы болып есептеліненді. Ол жерге ешкім ғимарат салуға қазуға егін егуге рұқсат жоқ. Осымен 30 жыл болды айтып істете алмадық. Тіпті 40 жыл болды.  

Ауыл әкімі заңсыз құрылыс бастап жатқан кәсіпер Бабашевтың үстінен акт толтырып, тарихи мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталыққа хат жолдаған. Ал облыстық мәдениет басқармасы заң бұзушыға құрылысты тез арада тоқтату жөнінде ескерту жасап, Түркістан облыстық прокуратурасына өткізген. Облыстық прокуратура қызметкерлерінің мәліметінше, қазір бұл іс Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып жатыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов