Ақмола облысында сақ жауынгерінің бейіті табылды

Бұл жерде сарбаз ат әбзелдері және қару-жарағымен қоса жерленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жәдігерлер біздің заманымызға дейінгі 5-8 ғасырларда көшпенділер мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын, ұсталықтың мықты дамығанын көрсетеді», – дейді мамандар. Бұл маңайда сақ дәуіріне тиесілі қорымдардың бар екенін жергілікті тұрғындар орманда жидек тере жүріп, байқаған. Ал айналаға шолу жасаған архелогтар, бірден қазба жұмыстарына кіріседі. Сөйтіп олар ойламаған жерден үлкен олжаға кенелді. Сақ жауынгерінің бейітін қазу барысында мамандар, аттың ауыздығы және пышақ пен аққинақ қылышын кездестірген.

Рауан Ержанов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:

– Осы Ақмола облысында негізі ақинақтар анықталған. Бірақ дәл мұндай пішінді, өлшемді емес. Олар жалпақ болып келеді және қысқалау. Бұның өлшемі 40 сантиметрден асады және басында айдың белгілері бар. Сол кезде көшпелі халық табиғатқа, күнге, аспан денелеріне табынған. Міне, сол табынушылықты білдіреді.

Табылған жәдігерлердің сақ дәуіріне тиесілі екеніне айқын дәлел – жебенің ұштары. Олар екі қырлы, әрі ұшқанда ысқырық шығаратындай етіп жасалған. Бұл да болса, сол заманда ұсталық пен әскери өнердің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Қорым толық зерттелсе, бұл жерден әлі талай сенсациялар шығуы мүмкін.

Жасұлан Үкеев, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Бұл жерде бір ғана қорған емес, 2-3 қорым бар. Келесі жылы да бұл жерді зерттеу жоспарлануда. Өйткені шағын ғана диаметрі 5 метрден тұратын қорғаннан осындай құнды жәдігерлер шығып жатқан кезде жанындағы үлкен қорғандардан бұдан да артық жәдігерлер шығуы мүмкін. Мүмкін «Алтын адам» да шығып қалуы ғажап емес.

Археологтар мен тарихшыларды қуантып отырған тағы бір жағдай – қорымдардың жақсы сақталуы. Жәдігер тұрмақ, бұл маңайдың топырағы да түртілмеген. Сондықтан екінші «Алтын адамның» табылуына негіз бар. Оның үстіне Есік қаласынан анықталған «Алтын адамның» қылышы темірден болса, Жаңажол қорымынан табылған аққинақ қоладан жасалған.

Талапкер Уәлиев, тарихшы:

– Мынадай түсінік қалыптасып қалған: «Сақ мәдениеті ол –Оңтүстік Қазақстанға жататын мәдениет, сақтар оңтүстік Қазақстанда өмір сүрген деген секілді осындай негізсіз пікірлер қалыптасқан. Ал шын мәнінде Қазақстанның кең байтақ даласында бірегей мәдениет елдің тұтас территориясына жайылған. Соның бір жері осы Ақмола облысы территориясы. Себебі бұған дейін де Ақмола облысынан сақ дәуіріне жататын жәдігерлер көптеп табылып жатыр.

Енді бұл маңайды толық зерттеу үшін әр жәдігерді жеке-жеке зерделейтін білікті мамандар қажет. Ал әзірге табылған артефактілер, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізіледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный