Қазақ ұландары Анадолыны тәнті етті

Абылайхан шеруі Анадолыда асқақтады. Биыл екінші рет Түркияда өтіп жатқан халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының әскери оркестрлер фестивалінде он ұжым өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің мемлекеттік күзет қызметі, айрықша мақсаттағы күштердің Президенттік оркестрі шараның алғашқы күнінде түркі жұртшылығын тәнті етті.

Халықаралық әскери оркестрлер фестивалінің алғашқы күні Османлы мемлекетінің көне астанасы Бурсаның «Хандар» алаңында басталды. Түркі жұртының маңдайалды әскери оркестрлері орталық көшемен жүріп өтіп, 700 жылдық тарихи базарды аралады. Әрбір елдің оркестрі әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық жауынгерлік шеруі мен танымдық көрсетілімдері туыстас халық пен қала қонақтарының таңдайын қақтырды.

Әсіресе қазақтың ұландары Анадолыны өз өнерімен тәнті етті. Абылайхан маршынан ерекше әсер алған жұрт, сарбаздарымызды қошеметке бөледі. Осылайша айырықша мақсаттағы Президенттік оркестрдің заманауи үлгідегі орындау шеберлігі бауырлас елге ерекше көңіл күй сылайды.

Құрмет Бейсембаев, мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің дирижері:

– ІІ халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне Қазақстан атынан Мемлекеттік күзет қызметі,  айрықша мақсаттағы күштердің Президенттік оркестрі қатысып отыр. Жергілікті халық бізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Бізбен өзге елдердің кәсіби өнерпаздары да қойылымын көрсетті. Президенттік оркестріміз бұған дейін «Спаская башня», «Бремен тату», «Берлин татум» атты әлемдік деңгейдегі шараларға қатысқан болатын. Дегенмен, Түркияға алғаш рет келіп тұрмыз.

Тарихи мекендерге шеруден кейін оркестрлер қаланың орталық саябағында бас қосып, ұлттық және патриоттық әуендер орындады. Дирижер Құрмет Бейсембаев бастаған топ «Азия дауысы», «Қазақ елі», «Ұлы дала» және Анадолыда әйгілі «Домбыра» әнін шырқады.

Самет Тахмисоғлұ, көрермен:

Қазақстандық оркестрдің қойылымы барысында көне түркілердің әскери рухын сезіндік. Өзімді бір аттың үстінде жауға шапқан секілді елестеттім. Әсерімді ауызбен жеткізе алмаймын.

Хулия Гөкмен, көрермен:

Осы ауданда тұрамын. Музыканың дауысына келіп, туыстас жұрттың оркестрі екенін көргенде ерекше қуандық. Теледидардан қызыға тамашалайтынмын. Бүгін, міне, көзбен көруге мүмкіндік туды.

Али Айаш, көрермен:

– Бабалар мәдениетін атажұрттан келген өнерпаздардан тыңдау айырықша. Бүгін тағы бір мәрте көзім жетті. Түрік пен қазақ бір рухты.

Бурса қаласында өтіп жатқан халықаралық әскери оркестрлер фестивалі осы саладағы бірден-бір түбі бір түркі жұртының ауқымды шарасы болып есептеледі. Ол 1 қыркүйекке дейін жалғасады.