Тәңіршілердің ғибадатханасы Түркістандағы Күлтөбе қалашығынан да табылған – ғалымдар

Ғалымдардың айтуынша, барлық әлемдік діндердің түп-тамыры Тәңірлік діннен басталады. Ал Тәңірлік дін – адам баласының қоршаған ортамен тіл табысуға ұмтылған алғашқы таным түсінігі. Қазақ даласын мекен деген көне түркілер де көк тәңірге, кұдіретті бір күштің барына сенді. Белгілі тарихшы Зікірия Жандарбек қытай жазбаларында кездесетін тәңіршілердің ғибадатханасы Түркістандағы Күлтөбе қалашығынан да табылғанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демек Түркістан өңірі исламға дейін де наным-сенім орталығы болған. Ал 8 ғасырдың екінші жартысынан бастап ислам дінінің ғылыми-мәдени даму орталығына айналған.

Зікірия Жандарбек, дінтанушы ғалым:

- Мысалы араб тілінің граматикасының дүниеге келген жері, араб тілінің сөздігінің дүниеге келген жері, ислам философиясының дүниеге келген жері. Мысалы Әбу Насыр әль Фараби сияқты ғұламалардың Түркістаннан, Сыр бойынан шығуының астарында үлкен мін-мағына бар. Және исламдағы жасалған бүкіл ғылымның 90 пайызын жасаған түркі халықтары. Оның бәрі бастауын осы Түркістаннан, Сырдың жағасынан алады. Міне сондықтан бұл жер ислам үшін өте үлкен мәні бар, мағынасы бар орталық.

Күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы саналатын Қожа Ахмет Яссауидің осында ғұмыр кешіп, жаны мәңгілікке тыныштық табуы – Түркістанның абыройын асқақтата түсті. 11-12-ші ғасырларда өмір сүрген ұлы ойшыл-ағартушы - ислам дінін қазақтың ділі мен дәстүріне сай етіп, түркі тілінде сөйлеткен алғашқы дін ғұламаларының бірі. Ал 14-ші ғасырда атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған Қожа Ахмет Яссауидің зәулім кесенесі – ЮНЕСКО-ның «Қызыл кітабына» енді.

Мәулен Садықбек, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры

- Мысалы 14 ғасыр, Әмір Темірдің заманындағы ескертікштерді қарайтын болсақ, барлығы да күрделігі жағынан, әсемдігі жағынан біздің Яссауи бабамыздың кесенесімен теңдесе алмайды. Әрине әрқайсысының өзінің ерекшелігі бар, өзінің ұтымды тұстары бар. Бірақ жалпы кешен ретінде құрылыстың күрделілігі, әсемдігі жөнінен біздікі оқ бойы озық. Сол себептен де әлемдік мұралар тізіміне енгізіліп, бүкіл адамзаттың ортақ мұрасы, асыл қазынасы деп бағаланған.

Таришы-ғалымдар, Түркістан өңірінде 40-қа жуық жерасты мешіті болғанын айтады. Біріншіден ол климаттық жағдайға байланысты салынған. Себебі мұнда қыста қара суық болса, жаз аптап ыстық. Ал жерасты мешіті қыста жылы, жазда салқын болады. Екіншіден, Яссауи ілімінде шәкірттерді бөліп оқыту деген ұғым болған. Яғни оларды дүниеауи нәрселерден белгілі бір уақытқа дейін шектеп, діни ілім берген. Үшіншіден, діни тұрғыдан сауаты мол, әулилелік деңгейге жеткен адамдар жаратушымен жалғыз қалу үшін жерасты ғибатханасын пайдаланған. Жалпы Түркістан өңірі еліміз бойынша ең мешіті көп аймақ саналады. Мәселен, Қазақстанда 2716 мешіт болса, соның 756-сы осы Түркістан облысында бой көтерген.

Медет Халықов, облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары:

- Бұл деген халықтың діндерлығының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Мысалы кейбір облыстарда 30-35-40 мешіт болса, біздің бір ғана аудандарымыздың өзінде жүзден астам мешіттер бар. Сондай-ақ мешіт халықты ынтымақ пен бірлікке, ауызбірлікке шақыратын ғибадат үйі. Кейде ғибадат үйі деп шектеп қойып жатамыз. Шын мәнінде мешіт дегеніміз қазақтың даласында сауат ашатын үлкен оқу ордасының рөлін атқарғандығын да біз естен шығармауымыз керек. 

Түркістан – соңғы 4 жылда облыс орталығына айналып, қайта түледі. Көне шаһар - түркі әлемінің рухани және мәдени астанасы ретінде қайтадан жанданды. Мұнда келуші туристердің саны жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы Түркістанға 1 млн аса турист келсе, 2025 жылға қарай олардың санын 5 млн-ға жеткізу көзделуде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов