Түркияда халықаралық археологиялық-мәдени экспедиция өтті

Орхоннан Орханға дейін. Осындай атаумен Түркияның Бурса және Биледжик қалаларында халықаралық археологиялық-мәдени экспедиция өтті.

Түркі Академиясы ұйымдастырған шараға күллі түркі әлемнің белгілі ғалымдарымен қатар бұқаралық ақпарат өкілдері қатысып, қос провинциядағы тарихи мекендерді аралады. Соның ішінде Ертұғрұл Ғази кесенесі, Левке қақпасы мен Бурсадағы Ұлы мешіт кешеніндегі тарихи жәдігерлермен танысып, ортақ тарих жөнінде пікір алмасты.

Айта кеткен жөн, осымен төртінші рет ұйымдастырылған археологиялық-мәдени экспедиция жуырда табылған Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымы аясында жүзеге асып отыр.

Ибрахим Шахин, Егей университетінің доценті:

- Анадолы түріктерінде "Алыста ауылым бар" деген түсінік бар. Әрбір кісі дүниенің қай бұрышында туса да, сол ауылына жиі келіп, тарихын еске алып тұрады. Осы секілді бүгінгі жиын да маңызды. Әр жақта жиналған жұрт бауыр халықтың тарихымен ортақ тұстарын саралайды. Бір екенімізді, бауыр екенімізге көз жеткізіп, әр сапарында ғылыми тұрғыдан тереңірек үңіледі.

Гөкхан Гүлер, журналист:

- 130 жылдан бергі ең ауқымды тарихи-археологиялық жаңалық саналатын Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің аясында өтіп жатқан шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Тарихи жәдігерлерімізді өз көзімізбен көріп, ортақ тарихымызға куә болу бір мәртебе.