Елордада Құм театры пайда болды

Әлеуметтік жобаға 8 бен 15 жас аралығындағы балалар қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар сенбі сайын кітапханада бас қосып, ертеңгі тыңдайды. Кейін қиялындағы кейіпкерлерді құмда бейнелеуге тырысады. Бұл жолы қазақтың «Үш ақыл» ертегісі сахналанды.

Айжан Жаркешова – құммен сурет салу өнерінің шебері. 12 жылдық тәжірибесі бар маман білімін жетілдіріп, түрлі әдістерді игеріп жүр. Жақында «Құм театры» жобасын қорғап шығып, Балалар жылында балғындарға ерекше тарту жасады. Оған қаладағы №12 кітапхана қолдау көрсеткен.

Айжан Жаркешова, құммен сурет салу өнерінің шебері:

- Жобаның мақсаты - балаларға қазақтың ертегілерін дәріптеу, құмды анимациялық көріністер, яғни ертегіні қойып, көз алдында жанды түрде оның суретін бейнелеп беру. Балалармен талқылау жұмысын жүргізіп, одан кейін ол балалар ертегіні көргеннен кейін техникасын игеріп, құммен жұмыс істеуді үйренеді.

Кезекті сабаққа біз де куә болдық. Балалар «Үш ақыл» ертегісін тыңдап жатыр екен. Оның желісі бойынша байдың жалғыз ұлы «су ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың төбелес бастаса, сол қолың арашашы болсын» деген үш ауыз насихатқа бір үйір жылқыны айырбастап жібереді. Мұны білген әкесі ашуланып, жігітті үйінен алыстатады. Ал алған ақылын естен шығармаған байдың баласы қиындықтарды түгел жеңіп шығады.

Маржан Мұстафақызы, ата-ана:

- Ата-бабаларымыз ертеден ертегі арқылы балалардың ойын дамытып отырған. Өмірге деген көзқарастарын қалыптастырып отырған. Осы ертегілерді тыңдау арқылы бойларына жинап өтеді деп ойлаймын. Бір емес, екі балаңызды әкеліп отырсыз. Балаларыңызға қандай ақылды жиі айтасыз? Ең бірінші ешкімнің ала жібін аттама, тек қана шындықты айт. Осы ақылды айтамын.

Құммен сурет салу – пайдалы өнер. Енді ол арқылы телефонға телмірген заманында балалардың кітапханаға келіп, қазақы құндылықтарды бойға сіңіруі тіптен сүйсінтеді. Бастысы әлеуметтік жобаға қатысуға ынталылар көбейіп жатыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ырыстанбек Оспанов