Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды – Франция

Францияның Париж қаласында жез таңдай әнші Роза Бағланованың 100 жылдығына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ мәдениеті мен өнерінің жарық жұлдызының мерейтойы ЮНЕСКО-ның айтулы күндерінің тізіміне енген еді. Осыған байланысты ерекше дарын иесіне арналған концерт ұйымдастырылды. Роза Бағланова көзі тірісінде түрлі сахналарда өнер көрсетті. Олардың ішінде майдан сахнасы, ірі концерттік зал мен өзге де әлемге әйгілі сахналар бар. Жүз жылдық мерейтойына орай күміс көмей әншінің әндері ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінің қолдауымен ұйымдастырылған концертте шырқалды. 

Роза Кәрібжанова, ҚР мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы:

– Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүше ретінде енгеніне 30 жыл болып жатыр. Сондқтан бүгінгі шара сол Қазақстанның ЮНЕСКО-да алған орнын суреттейді деп айтуыға болады. Өйткені қаншама келген кісілер бұл тек қана осы жақтағы біздің қандастарымыз ғана емес , бұл жерде дипломатия өкілдері де келді. Өте жылы қабылдады.

Қалың бұқараны бұлбұл әнші Роза Бағланованың қалдырған мұрасымен таныстыру үшін Қазақстанның эстрада жұлдыздары мен классикалық жанр әншілері жиналды.

Нұржамал Үсенбаева, ҚР халық әртісі:

– Мен үшін үлкен мәртебе осындай керемет концертке қатысқаныма. Өйткені Роза Бағланова біздің еліміздің тұлғасы. Бұл концерт 100 жылдыққа арналған. Бұл біздің қазақ өнеріміз. Біз сол үшн келдік. Біздің қазақ өнері, қазақ дәстүрі жасай берсін, дами берсін!

Элеонора Восси, музыкалық театрдың директоры:

– Қойылым маған қатты әсер етті. Мен біздің театрдың көрермендері дәл осындай керемет қойылымды көргенін қалар едім.

Роза Бағланова өнер саласында керемет жетістікке жеткен тұлға. Ол бүкіл дүниежүзін шарлап түрлі тілдерде ән салды. Оның үні қазақстандық балалардың да ең сүйікті дауысына айналды. Халықтың мерейіне бөленген әншіге халық қаһарманы атағы берілді.

Тажен Бағаланов, Роза Бағланованың ұлы:

– Осыншама жыл өтсе де оның таланты мен шығармашылығы тамсандырады. Мұндай тұлғалар өте сирек кездеседі. ЮНЕСКО осындай жандарды елеп, үлкен құрмет көрсетіп отыратыны ерекше қуантады.

Әншінің дүниеден озғанына 10 жылдан асса да халықымыздың оған деген сезімі айрықша. Халық сүйіктісінің дауысы, жүріп өткен өмірлік жолы Қазақстан тарихындағы ең елеулі кезеңдерінің брі болып қала бреді.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан