Шымкентте Республика күніне орай қайырымдылық шарасы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуенін» өткізді. Екі күнге созылған шара мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын қолдауға бағытталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің әр өңірІнен жиналған жүзге жуық бала өнердің түрлі жанрында өз қабілетін көрсетіп, тәжірибе алмасты. Музыкалық аспапта ойнап, театрландырылған қойылым қойды. Робот техникасындағы жетістіктерін ортаға салды. «Қайырымдылық керуені» аясында тірек-қимыл әрекеті бұзылған және көру, есту қабілеті нашар жандардың мәселесі көтерілді. Ұйымдастырушылар әрбір ұсыныс-тілектер сараланып, тиісті орындарға жететінін айтты. Ал мұндай шаралар ерекше балаларды дамытуға және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ербол Байқонақов, қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы:

Бала еліміздің ертеңгі болашағы. Сондықтан бұл балаларға деген қандай көмек болса да, қандай қолдау болса да артық етпейді. Оның ішінде ерекшелігі бар балаларға деген қолдаудың өте қажет екені сөзсіз. Дөңгелек үстел басында қабылданған ұсыныстардың, талап-тілектердің барлығы тиісті орындарға ұсынылып, арнайы хаттамасы түзілетін болады.