Алматыда «Әлем бейнесі» картинасының көрмесі өтті

Алматыда «Әлем бейнесі» картинасының көрмесі өтті

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде  «Әлем бейнесі» картинасының көрмесі өтті.

Бұл - Гиннестің рекордтар кітабына енген туынды.  Өйткені экспозиция әлемнің 193 елінен 2020-дан астам адам жасаған ауқымды кескіндемелік кенепті біріктірген. Яғни бұл алып картинаға тек қана кәсіпқой қылқалам шеберлері емес, өнер жұлдыздары мен атақты Голливуд актерлері, аты әлемге әйгілі спортшылар мен қарапайым адамдар да өз қолтаңбасын қалдырған. EXPO 2020 дүниежүзілік көрмесі аясында қолға алынған халықаралық әлеуметтік арт-жобаның авторлары қоғам қайраткерлері Дәуіт Шайхисламов пен Дана Орманбаева. «Әлем бейнесі» картинасының көшірмесі халықаралық ғарыш станциясында да болып қайтқан.

Дәуіт Шайхисламов, жоба авторы:

- «Әлем бейнесі»  деп аты айтып тұрғандай бұл картинаны жұмыр жердің түкпір-түкпіріндегі адамдар жасады. Жобаның негізгі мақсаты әлемде мәңгілік тыныштық пен бейбітшілікті дәріптеу болды.  Әлем елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. 2022 жылдың қыркүйегінде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде «Әлем бейнесінің» алғашқы тұсаукесері өтті. Сол кезде БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясының төрағасы Абдулла Шахид те кенепте өз қолтаңбасын қалдырды.