Абайдың алғашқы жинағы табылды

Құнды жәдігерді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне Ертіс ауданының тұрғыны табыстаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абайдың араб тіліндегі алғашқы жинағы ғасырдан астам бойы көздің қарашығындай сақталып келген. Зейнеткер ұстаз Нұрболат Әутәліповке бұл туынды атасынан мұра болып қалыпты.

Нұрболат Әутәліпов, зейнеткер ұстаз:

– Шынында да Абайдың кітабы ма, не туралы жазылғанын білейін деп сол кездегі аудан мешітінің имамына оқытып, ол кісі қарады да, иә, бұл байдың кітабы деген. Оны дұрыстап сақта деп айтты. Сосын Крыловтың, Лермонтовтың, Пушкиннің аудармалары және өзінің өмірбаяны бар екен.

Араб тілі мамандарының айтуынша, кітапты тыңғылықты зерттеу қажет. Бұл кітап Абай Байтұрсыновтың еңбектеріндегідей, қадим қарпімен жазылған. "Қазақ әдебиеті үшін құнды материалдарды салыстырып, үлкен зерттеу жасауға болады", – дейді ғалымдар.

Әділбек Әміренов, араб тілінің маманы:

- Кітапта Абайдың күні бүгінге дейін басылып жүрген өлеңдерінің 80% берілген. Сонымен қатар Пушкиннен, Лермонтовтан аударған аудармалары жақсы берілген. Кітап ескі «қадим» жазуымен жазылған, енді қадим жазуы деп отырғанымыз, араб жазуының орта ғасырлық түрі.

Бүгінде Қазақстанда осы кітаптың бес данасы ғана бар. Бірі Семейдегі Абай қорық музейінде, екіншісі «Ғылым» акдемиясында сақтаулы. Араб-парсы жазбаларындағы сөздердің кездесуі де – бұл еңбектің басты ерекшелігі.

Әділбек Әміренов, араб тілінің маманы: 

– Кітап, негізінде жақсы сақталған. Абайдың суреті берілген. Басқа кітаптарда Абайдың суретін көрген жоқпын. Ең алғашқы рет маған осыны жібергенде, таң қалдым. 1909 жылғы Абайдың суреті бар. Енді айта кетейін, 1909 жылы Мыржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» шықты, бірақ Орынборда.

Көне кітап Бұқар жырау музейінің этнографиялық экспедициялары барысында табылған. Бұған дейін рухани азық ордасының қорына Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағы табысталған. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков