Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет саласындағы ынтымақтастығы нығайып келеді

Қазақстан мен Әзербайжанның мәдениет саласындағы ынтымақтастығы нығайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бакуде қазақ киносы күндері өтіп жатыр. Мұндағы көрермендерге «Кенже қыз» мультфильмі мен «Алға» деректі фильмі көрсетіледі. 

Алғашқы күні әзербайжандық көрермендерге «Кенже қыз» мульфильмі көрсетілді. Бұл туындының режиссері - Иван Ардашов.

Иван Ардашов, режиссер:

- Бұл жеңіл мультфильм. Ол көңіл көтеріп, уақытты қызықты өткізуге арналған. Бакуге алғаш келуім. Жергілікті балалар менің жұмысымды қалай қабылдайды екен деп қобалжып отырмын.

Мультфильм Бакудегі көрермендердің көңілінен шықты. Ұнағаны сонша, «Кенже қыз» Әзербайжан тіліне аударылса екен деген ұсыныстар да айтылды. 

Аида Эйвазова, көрермен:

- Мультфиьлмді көргеннен кейін жақсы әсер алдым. Онда қазақ ауылдары, ою-өрнектері, киіз үйлер көрсетілген. Түркі елдерінің балаларын осындай туындылар арқылы тәрбиелеу керек. Мультфильм біздің тілімізге аударылса, көрсетілімдер одан да көп болады деп ойлаймын.

Іс-шараның екінші күні «Алға» деректі фильмі көрсетіледі. Ол әкесінің қазасынан кейін теріс жолға түсіп, қылмыспен айналыса бастаған ағайындылардың өмірі жайлы.  

Ербол Семккулов, актер:

- Өмірде адамның басынан түрлі жағдай өтеді. Бірақ қиындықтардың бәрін жеңуге болады. Бұл ойды осы фильм арқылы өзгелерге жеткізгіміз келеді. Мен Бакуге алғаш келіп отырмын. Қала ұнады. 

Айта кетейік, қос мемлекет арасындағы мәдени байланыстарды арттырып, ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шара Әзербайжандағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған.