Ереванда ХХ Junior Eurovision-2022 байқауының гранд-финалы өтті

Еліміз бұл байқауға биыл 5-ші рет қатысып отыр. 16 елден келген талантты және талапты өрендер өнер бәсекесін қыздыра түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құралай Жұмахан, тілші: 

- «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады». Кеше әлемнің түрлі елінен жиналған талантты жастар Армения даласын әнге бөледі. Тартысты өткен бәсекенің нәтижесін көрермендер дәл осы залда отырып естіді. Сонымен, алдыңғы шепке шығып, 1-орынды Франция елі иеленсе, Армения 2-орын, Грузия 3-орын алды.

Халықаралық аренада еліміздің атынан Давид Чарлин өнер көрсетті. Ол «Жер-Ана» композициясын орындап, көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.

Инга Чарлина, Давидтің анасы:

- Көңіл-күйіміз тамаша. Балам өте жақсы өнер көрсетті деп ойлаймын. Оның үнін әлем тыңдады. Мұның өзі жеңіспен пара-пар. Мен барша халыққа рахмет айтқым келеді. Бізді қолдап, дауыс бергендеріңізге рахмет!

Давид байқауда жүлделі орын алмаса да өзінің ерекше үнімен, жарқын мінезімен көпті баурап алды. Өнер көрсетіп болған соң оны елімізден келген ғана жанкүйерлер емес, шетелдік көрермендер де құттықтап жатты.

Давид Чарлин, байқауға қатысушы:

- Бұл – мен үшін баға жетпес тәжірибе. Осындай үлкен сахнада алғаш өнер көрсетуім. Барша қазақстандықтарға рахмет айтамын. Мен ешнәрсеге қарамастан әншілік жолымды жалғастырамын. Ән айту өзіме ұнайды және мені тыңдағысы келетін көрермендер үшін де ән салғым келеді.

Құралай Жұмахан, тілші:

- «Бестімде бәйгеге қос, келмесем басымды кес» деген тәмсіл бар. Бүгінгі аламанда оза шапқан жерлесімізге жүлде бұйырмаса да, енді Давид Чарлин деген есімді күллі жұрт таниды. Біз Давидке кезінде Еуропаны дүр сілкінткен Әміре салған ән әлеміндегі әдемі жолды тілейміз!

Авторлары: Құралай Жұмахан, Серік Қоңырбаев