Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл толды

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» сияқты сүбелі туындыларымен қазақ әдебиетіне орасан үлес қосты. Жазушы 1922 жылдың 15 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты Келінсүйегі ауылында дүниеге келген. 100 жылдығы қарсаңында алматылық оқырман  бас қосып, қаламгерді еске алды.  

Әзілхан Нұршайықовтың есімін ерекше ыстық көрсететін туындысы – «Махаббат, қызық мол жылдар». Оны студенттер партаның астына жасырып, жарыса оқыса, үлкендер жастанып оқыды. Роман соғыстан кейінгі студенттік өмірді, жастықты суреттегендіктен болар, махаббат дастанындай әлі де қолдан түспей келеді.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы:

- Біздің өзіміздің бала кезімізде сүйіп оқыған шығармамыз «Махаббат қызық мол жылдар». Шынын айтқанда ол буындар, толқындар ауысса да сол жастардың сүйікті шығармасына айналып келе жатыр. Мұның өзі Әзілхан Нұршайықовтың шын мәніндегі Халық жазушысы екендігін көрсетеді.

Қаламгердің бүгінде оқырманы көбеймесе азайған жоқ. Оған Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында өткен әдеби-сазды кешке жиналған қалың көрермен дәлел. Әзағаның әңгімесін, махаббат жырын сағынған оқырманы жазушының шығармасын арқау еткен қойылымды тамашалап, үзік, ұтымды ойларына құрылған диалогтарды тыңдады.

Жанат Нұршайықова, жазушының қызы:

- Биыл әкемнің көптеген шығармалары қайта жарық көрді. Баспадан 4 кітабы шықты. Олардың қатарында «Ақиқат пен аңыз», «Махаббат қызық мол жылдар» кітаптары бар. Соңғы кітап орыс тілінде 1973 жылдан бері жарыққа шықпаған екен. Әкеміздің есімін ел есінен шығармай, еске алып жатқандарына алғыс айтамыз.

Бүгінде аға буын жазушылар «Әзағаның қолтаңба беруден қолы шаршайтын»,-деп еске алады. Жазушы өмірінің соңына дейін 40-тан астам шығарма жазып қалдырған. Бұл туындылар мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналғаны сөзсіз. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов