Ташкентте Абай күндері атап өтілді

Қазақстан мен Өзбекстан ғасырлар бойғы тарихын бірлесіп зерттейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рухани тамырластығын да жер жаһанға әйгілейді. Ташкентте Абай күндері аясында екі ел ғалымдарының кең ауқымды конференциясы өтті. Шараға Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов қатысып, ұлы ақын Абайдың шығармалары, философиялық ойлары күні бүгінге дейін өзекті екенін жеткізді. «Қазақ пен өзбекті байланыстырған тарихи тұлғаларды таныту - заман талабы. Әсіресе 19-шы ғасырда өмір сүрген ұлы ойшылдардың еңбегі өлшеусіз. Отаршылдық кезеңде ұлттық мақсат-мүддені алдыңғы қатарға қойып, рухани құндылықтарды дәріптей білген Абай, Мұхамед Мукими, Шоқан Уәлиханов, Ахмад Дониш сынды ағартушылардың есімі Орталық Азия шежіресінде ерекше орын алады. Енді 2 ел ғалымдары қырғызстандық және тәжікстандық әріптестерімен бірлесіп ұмыт бола бастаған дерек, көне жәдігерлерді жарыққа шығарумен айналысады. Тұтас аймақ тарихын кітап немесе оқулық ретінде  басып шығару да жоспарда бар.

Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Ұлы Абайдың «Қара сөздері» әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Бұл туынды жарыққа шыққанына көп уақыт өтсе де, әлі де құндылығын жойған жоқ. Абай шығыстың ғана емес, Еуропа мен Ресейдің мәдениетін тереңнен зерттеп, біріктіре білген ұлы классик ретінде тарихқа енді. Жалпы Шығыста осындай тұлғалардың дүниеге көп келгенін біз мақтанышпен айта аламыз.