Алматыда «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

«Еуразия» кинофестивалі көрерменді авторлық фильмдермен қауыштыратын әрі кино өндірісінің дамуына үлес қосатын бірден бір жоба, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдени шараға қатысқан мамандар осындай пікірде. Алматыда «Еуразия» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталып, жабылу салтанаты өтті.

Биыл кинофестивальде 50-ден аса фильм бақ сынады. Ұйымдастырушылар барлық көрсетілімнің аншлагпен өткенін айтады. Қазылар алқасының шешімімен Халықаралық байқау бағдарламасында қырғыз режиссері Ақтан Арым Құбаттың «Есімде» картинасы Үздік фильм номинациясында жеңіске жетті. 7 күн бойы өткен фестиваль киногерлер үшін нағыз мерекеге айналды.

Фирдавс Абдухаликов, Өзбекстан кинематография агенттігінің бас директоры:

- Екі жыл үзілістен соң фестивальдің қайта жанданғанына қуанштымыз. Біз үшін мұндай кинофестивальдер маңызды. Осындай басқосуларда болашақ жобаларымызды талқылаймыз. Бір-бірімізбен танысамыз.   

Үздік режиссерлік жұмыс жүлдесі грузиялық Леван Когуашвили мен әзірбайжандық Асиф Рустамовқа бұйырды. Өз рольдерін керемет алып шыққан актер мен актрисалар да марапатталды. Биыл тұңғыш рет Ұлттық байқау бағдарламасы қосылып отыр. Оған да көп туынды түсті. Нәтижесінде Шәрипа Оразбаеваның «Қызыл анары» үздік фильм атанды.   

Шәрипа Оразбаева, «Қызыл анар» фильмінің режиссері:

- Бұл «Қызыл анар» деген негізі Анар деген әйел жайлы. Жалпы менің өзім қазақ әйелдерін бүкіл әлемге көрсеткім келеді. Олардың ішкі жан дүниесін. Оның қайсарлығын әлемге паш еткім келеді. Сондықтанда мен өзім әйел режиссер болғандықтан көбінесе жаңағыдай қазақ әйелдерінің тағдырын, олардың әділдік үшін күресін көрсету мен үшін маңызды.

Бір апта бойы «Еуразия» көрермендері 25 елдің кинокартиналарын тегін тамашалады. Оның ішінде «Ару Елена», «Боран» және «Ауыл» фильмдерінің әлемдік премьерасы өтті. Халықаралық әрі азиялық премьераларда болды. Фестиваль қонақтары тақырыптық кештерге қатысып, жастармен тәжірибелерімен бөлісті.