Ташкентте ұлы ақын Абайдың шығармашылығына арналған 10 күндік көрме ашылды

Рухани бай мұрамыз насихатталып, өскелең ұрпаққа үлгі етілді, , деп хабарлайды «Хабар 24».

Абай шығармашылық жолында Әлішер Науаи еңбектерін зерттеп, Шығыс пен Батыстың өркениетіне терең бойлаған. Қазақ пен өзбекті ұдайы татулыққа, адамзат баласының асыл қасиеттерін үйренуге үндеген. Әлішер Науаи де гуманистік көзқарасты насихаттады. Қазір екі мемлекет сауда-саттық пен экономикада сенімді серіктестігін, ал ортақ мәдени мұраны сақтау, түркі жұртының татулығын нығайту бағытында берік достығын сақтап келеді. Ташкенттегі Абай күндеріне ақынның туған өлкесінен құнды жәдігерлер жеткізілді. Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасы таныстырылды.

Әзиз Әбдухакимов, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, Туризм және мәдени мирас министрі:

- Қала тұрғындары мен қонақтары көрмеге ерекше қызығушылық танытып жатыр. Оны ұйымдастыру жөніндегі бастаманы Президентіміз көтерді. Осы арқылы қазақ пен өзбектің достығын көрсеткіміз келді. Ал Абайдың шығармашылығы, философиялық ойлары түркі әлемінің ынтымақ-бірлігін одан әрі нығайтып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғай түседі.

Тұрдықұл Шаңбай, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры:

- Қазақстандағы ғана емес, Еуразияда аналогы жоқ музей. Өйткені бес тараптан тұрады. Негізінде мұнда Абайдың, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім, Алаш алыптары және 30 ақындық мектебінің өкілдері, бәрі-бәрі қамтылған. Абайды, Абай арқылы қазақ мәдениетін таныстырудың алғашқы қарлығашы деп ойлаймын.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі қатысып, Ташкент орталығындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Туысқан халықтың ұлы ойшылға көрсеткен құрметіне ризашылық білдірді. Қазақстан елшілігінің ресми мекен-жайы Абай көшесіне ауыстырылды. Бұған дейін атауы өзгеше болатын. Абай күндері аясында ғимарат алдындағы ақын ескерткіші де жаңғырған кейіпке енді.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Абайдың сөздері, ойлары қазіргі заманға дейін өзектілігін жойған жоқ. Адамзатты сүю, достықты құрметтеу. Өзбекстан мемлекетіне ризашылғымызды білдіреміз. Осындай шаралар екі елдің достығын жаңа деңгейге көтереді деген сенімдеміз.