«Келінжан» комедиясы Қырғызстанда көрсетіледі

Осылайша «Хабар» Агенттігінің» тапсырысымен түсірілген отандық туынды алғаш рет шетелдік кинопрокатқа шығып отыр. 

Бішкектегі ойын-сауық орталығының бірінде «Келінжан» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. 

Алғашқы маусымынан бастап-ақ көрермендерді баурап алған «Келінжан» комедиясының үлкен сұранысқа ие болғаны рас. Бір ғана отбасында болып жатқан әртүрлі жағдайды  шынайы түрде жеткізу шын шеберлердің ғана қолынан келетін шаруа. Сондықтан да көпшіліктің  осы фильмде ойнайтын актерлер мен жұмыс тобына деген ықыласы ерекше. Тек біздің елде ғана емес «Келінжанға» деген қызығушылық қырғыз елінде де жоғары екен, дейді фильмнің бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова.

Гүлнұр Мамасарипова, "Келінжан"фильмінің бас продюсері:

- Біз үшін бұл кішкентай да болсын жетістік. Жеңіс деуге болады. Өйткені Қазақстанның аумағынан шығып көрші мемлекетке  прокатқа шығу көптеген отандық фильмдердің еншісіне бұйырған жоқ. Ұйымдастырушылардың, партнерлардың айтуынша неге «Келінжан» деп сұраған кезімізде  өйткені «Келінжанның» осы Қырғызстанда көрермендері өте көп.

«Келінжанның» көрсетілетіні туралы ақпаратты жергілікті халық өте жақсы қабылдаған. Комедияның  Бішкекте өткен жабық көрсетіліміне келушілер көп болды. Фильмді қырғыз тіліне аударған Жаңылай Исақова  жұмыс барысында аса бір қиыншылықтың болмағанын айтады. 

Жаңылай Исақова, аудармашы: 

- Дініміз бір, тіліміз ұқсас болғандықтан аудару кезінде көп қиындық болған жоқ. Бұл фильм біздің елде де кеңінен танымал болғандықтан актерларды шақырту кезінде де жеңілдеу болды. Кімнің қандай рөлды алып шыға алатынын алдын ала білдім. 

Айзада Әбдіхалықова, дубляж актері:

- Мен Айсараның кейіпкеріне дубляж жасадым. Мінезі, қылықтары өзіме жақын болған соң жеңілдеу болды. Бұған дейін де көптеген киноларда әртүрлі актерлардың дауысын дыбыстап жүрдім. Бірақ маған өзіме ұнағаны осы Айсара болды. Өйткені тілімізде ұқсақ.

Расында «Келінжан»  телесериалы өте сәтті  шыққан туынды болды. Жалғасы тағы түсірілеме деп жатқандар көп. Көрермендердің де талғамы жоғарылаған. Сондықтан  қазір Хабар арнасы санға емес сапаға мән береді,- дейді арна басшылары. 

Данияр Меңілбеков, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Хабар агенттігінің өзі  осы жылдар ішінде 120-ға жуық телехикая түсірді. Олардың  сериясының жалпы саны 1100-ден асады. Яғни қазір бізде жыл өткен сайын оларға көрерменнің талғамы да артып келе жатыр. Соған байланысты әзірлеріп жатқан, түсіріліп жатқан телеөнімдердің сапасы да артып келе жатыр. Яғни саннан сапаға ауысып келеді.

«Келінжан» фильмінің премьерасы бүгін Бішкек, Ош, Тоқмақ және Жалалабад қалаларының 15 кинотеатрында көрсетіледі.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарымбаев