Жетісу облысында мұғалім 40 жыл бойы көне бұйымдарды жинаған

Жетісу облысындағы Лепсі ауылының тұрғыны 40 жыл бойы көне бұйымдарды жинаған.

Мектеп мұғалімі бұл іске оқушылар мен ауыл тұрғындарын тартқан. Соның нәтижесінде аймақ тарихы жайлы мол мағлұмат жинақталып, 2021 жылы музей ашылды. Қазір онда мыңға жуық тарихи жәдігер қойылған.

13 ғасырда жасалған сазсырнайды тартып тұрған Мухарам Хайбулин. Ғылыми қызметкер музейдегі жәдігерлер жайлы асқан ыждахаттылықпен тәптіштеп тұрып айтып береді. Себебі мұндағы заттар ауылдың ғана емес тұтас өңірдің тарихынан сыр шертеді. Мәселен мына ақинақ сонау ерте темір дәуірінде Лепсі аймағы қасиетті мекен болғанының дәлелі. 

Мухарам Хайбулин, Лепсі тарихи музейінің ғылыми қызметкері:

- Мына сақтың қанжары ақинақ деген. Төрт шақырым жерде Тайыркөл деген көл бар. Соның жанында омарташылар тапқан. Қанжардың ұзындығы 11 см көбірек. 

Музейдің дәл ортасында тұрған балбалтас егістік алқабынан табылған. Ал мына жұмыр тасты батырлар көтеретін болыпты. Аласапыран замандарда Лепсіден ақша басылып шыққан. Келушілер ескі патифоннан бұрынғы әндерді де тыңдай алады.  

Көпшілік назарына қойылған бұл заттар ауыл тұрғындарының көмегімен жинақталды. Бастапқыда олар бұйымдарды мектепке әкеліпті. Мухарам Хайбулин солардың бәрін топтастып, көрме ұйымдастырған. Көне жәдігерлердің көптігін көрген атымтай жомарттардың бірі ауылдағы ғимаратты жөндеп, оны мемлекет меншігіне өткізген. Осылайша шалғайдағы ауылда мұражай ашылды. 

Гүлбаршын Мереева, Лепсі тарихи музейінің меңгерушісі:

- Жәдігерлеріміз 6 ғасырдан қазіргі таңға дейін қамтиды. Осыған дейін қазақ этнографиясына толықтырулар енгізілді. Оның ішінде шабауларымыз бар,бойтұмарларымыз бар. Қазақи басқұрлар бар, шаңырақтар бар. Түскиіздер алып келінді. Музейіміді әлі де жәгірлерімізбен толықтырып жатырмыз. Қазақ халқының бес қаруына тапсырыс бердік.

Табиғаты көркемдігімен көз тартатын ауылға келгендер жол үстіндегі   мұражайға соқпай кетпейді. Өткен жылдың өзінде бес жүзден аса адам аймақ тарихымен танысқан. 

Елена Ятимова, турист:

- Мен әлемнің көптеген музейлерінде болдым. Шалғай ауылдағы бұл мұражайды көріп таңқалдым. Бұрыңғы заттар көп екен. Мұндай музейлер әр ауылда болса  жақсы болар еді. 

 Лепсі ауылы 19 ғасырда Жетісу облысының орталығы болған. Жібек жолы өткен қалада өндірістік нысандар жұмыс істеген. Сол кезде тұрғызылған үйлер де әлі күнге дейін сақталып тұр. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Өз заманында Қазақстан территориясының тең жартысына саудасын жүргізген Никита Пугасов есімді көпестің бұл үйі 19-ғасырдың соңында салынған. Бес бөлмелі баспананың жертөлесі қызыл кірпіштен өріліп, қабырғасы қарағайларды қиюластыра отырып көтерілген екен. Нысан 2018 жылы бастапқы қалпына келтірілді. Қазір аймақ тарихын айшықтайтын тарихы нысандардың бірі болып тұр.  

Тарихы терең Лепсі ауылының әлеуметтік жағдайы да жақсы. Жергілікті халықтың дені мал өсіріп, жер игеріп, ара шаруашылығымен айналысуды кәсіп еткен. Омарташылардың өнімі зауытта құтыға құйылып, ел аумағына жөнелтіледі. Елді мекенде дене шынықтыру кешені салынып жатыр. Нысан келесі жылы ел игілігіне беріліп, көпшіліктің спортпен шұғылдануына жағдай жасалмақ. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев