Алматыда Мағауия Қозбағаровтың шығармашылық кеші өтті

«Арамызда қалсын...». Актер, сатирик Мағауия Қозбағаров шығармашылық кешін осылай атаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол халыққа «Тамаша» және «Күлкі керуені» театры арқылы танымал. Онда баланың да, үлкеннің де ролін сомдап, көптің көңілінен шықты. 2008 жылы «Күлкістан» ойын-сауық отауын құрды. Бірақ оның өнерпаздары соңғы 5 жылда сахнадан көрінбей кетті. Мағауия Қозбағаровтың 50 жылдық мерейтойына орай осы театр актерлары бас қосып, жаңа қойылым ұсынды. «Салықтан жалтарушылар», «Мамандықтан адамдық биік тұрсын» секілді көптеген көрініс қойды. Бұл жолы актер-сатирик ретінде ғана емес, өзін әншілік қырынан да байқатты. Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен кеште өзге де эстрада жұлдыздары ән салды.

Мағауия Қозбағаров, сатирик, актер:
- Жалпы мынау өнерге келгеннен кейін, осы сахнада жүргеніме 30 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін не істедім, не қойдым, халыққа не бере алдым деген сияқты мақсатта өзімнің жиған-тергенімді халыққа ұсынсам деген ниетпен қойылған болатын. Жаман өткен жоқ сияқты, халықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Халық өзі бағасын бере жатар.