Ұлытауда Қойлыбай әулие мазары жанынан Тағзым үйі салынды

Кезінде емшілігімен сыйлы болған Қойлыбай әулиенің басына күні бүгінге дейін тәу етіп келетін азаматтар аз емес.

Бірақ Ұлытаудағы киелі мекенге сапарлаған жолаушыларды мазар басында кісі аялдайтын нысанның жоқтығы қинайтын. Бұл мәселе биыл шешімін тапты. Мазар басына тағзым үйі салынып, кешенге баратын жол бойына нұсқаулық белгілер қойылды.

Ұлытау даласында республикалық маңызға ие 10-нан астам тарихи кешен бар. Оның сыртында зерттеуді қажет ететін қаншама нысан бар. Солардың бірі Қойлыбай әулие мазары. Аудан орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан кешенге жетудің өзі оңай емес. Шаршап-шалдыққан жолаушы жиі далада қонатын. Енді ауыл азаматтарының арқасында бой көтерген тағзым үйі осы мәселенің шешілуіне сеп болды. 

Ғазиз Ештанаев, ақын:

- Жалпы Ұлытаудың тарихы бұл көне замандардан бастау алатын, тамыры әріде жатқан тарих. Сол көне тарихтың топырағында ашылып жатқан жаңа облысты енді алдағы уақытта туризмнің мекеніне айналдыру. Халықаралық туризмнің орталығына айналдыру деген мақсат бар. Сондықтан бүгінгі шара туризмді дамыту мақсатында жасалып жатқан дүние. 

Ұлытауда тарихи туризмге сұранып тұрған орын көп. Мысалы,осы Қойлыбай әулие мазарына жылына мыңдаған адам келеді. Тағзым үйін тұрғызған жұрт енді жол болса, дейді. 

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Өздеріңіз көріп отырсыздар. Жол жоқ. Рет-ретімен жол да соғылады деп үміттенеміз. Өйткені, облысымызда қазір көптеген шаруалар бар. Ендігі жылдары Байқоңырға дейін Қарсақбайдан асфальт тартамыз. Қарақұмға дейін жол жүреді. Осы жерге бүкіл Қазақстаннан келетін азаматтарға, ниеттеніп келетін ағайындарға мүмкіншілік жасауға өз тарапымыздан міндеттеме аламыз. 

Сонымен бірге мазар басына Қойлыбай әулиенің қыл қобызы ескерткіш ретінде қойылды. Ашылу рәсімінде еліміздің әр түпкірінен келген көпшілік спорттық шараларға куә болды. Садақ ату, арқан тарту, қол күресі секілді ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Палуандар қазақ күресінен сынға түсті. Іс-шараға «Қойлыбай Әулие» атынан ашылған қор ұйытқы болды. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев