Көмекей әулие Бұқар жыраудың туғанына 355 жыл толуына орай жыршы-жыраулар фестивалі өтті
Қарағандыда көмекей әулие Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 355 жыл толуына орай республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.
«Бұқарекең жырлайды» деп аталатын жыр жәрмеңкесіне еліміздің әр қиырынан 20-дан астам өнерпаз келді. Айгүл Қосанова, Айгүл Елшібаева, Алмасбек Алматов, Ұлжан Байбосынова, Ерболат Шалдыбеков сынды өнер саңлақтары 2 күн бойы Арқа төсін жырға бөледі. Сонымен қатар облыстағы жыршы-жыраулар мектебінің алғашқы түлектері Дидар Қамиев, Мұхтар Әбілов бастаған 10-нан астам жыршы өнер көрсетті. Бұл күні өзге ұлт өкілдері де Бұқар жыраудың шығармаларын жатқа орындап, көпшілікті тәнті етті. Қатысушылар 4 аталым бойынша марапатталды.
Алмасбек Алматов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау:
- Бұқар жырау бүтін қазақтың, Алаштың бірлігінің кәдімгі күретамыры. Ол кісінің әрбір шығармасы елдік мәселені, жұрт болу мәселесін бірінші кезеңге көтерген. Ол хан алдында да, қара алдында да осы мәселені айтты. Сондықтан да Бұқар жырау біздің мың жылдық мәдениетімізді бойына сіңіріп,100 жылдық тарихтан аттап бүгінгі 21 ғасырға жеткен тарихтың тірі жәдігері деп білемін.