Ақтөбелік шебер шәкірттерін ұлттық қолөнермен сусындатып жүр
Ұлттық қолөнер күнделікті тұрмыс-тіршілікте кеңінен қолданатын трендке айналуға тиіс.
Ақтөбелік шебер Бұлбұл Кәпқызы бұл ойын жастар арасында жиі айтады. Ол оқушылар мен студенттерге киіз басып, сырмақ жасау, ши тоқу сияқты түрлі технологияларды үйретеді. Этнографияны заманауи киім үлгілерімен ұштастыру арқылы өскелең ұрпаққа қазақы дүниетанымды жеткізуге болады деп санайды.
Алмажай Әбдікәрімова өнерге жақын болғандықтан терме теріп, ою басуды да игеруді жөн көрген. Елімізге танымал этнограф Бұлбұл Кәпқызының шеберлік сағатына қатысады. Ақтөбе сахналарында өнер көрсететін биші концерттік көйлектерімен қатар заманауи үлгідегі, күнделікті киетін киімді де ұлттық нақышта безендіруге болады дейді.
Алмажай Әбдікәрімова, студент:
- Жалғыз мейрамдарда ғана емес, наурызда ғана емес қыдыруға шыққанда да өзіміз киіп, өзіміздің былай қарап тұрсаң мақтанарлықтай заттарымыз ғой. Әсіресе көйлектеріме өзіме ою-өрнек тіккім келеді.
Ел арасында ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген шебер студенттермен қатар мектеп оқушыларына да дәріс береді. Тоқыма мен кестелеу, терме теру мен киіз басу сияқты уақыт пен төзімділікті талап ететін іс жеткіншектер үшін тәрбиелік маңызы зор. Ұмыт қалған ұлттық өнерді қайта жаңғыртуға ден қойған ересектер өзге өңірлерден арнайы келеді.
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
- Киімге қандай ою салу керек, текеметке, кілемге, сырмаққа, алашаға қанадй ою салу керек деген осының барлығын адамдар көбіне ажыратып біле бермейді және білгісі келеді. Шамамыздың келгенінше өзіміздің өрісімізге сай айтып көрсетіп жатырмыз. Енді бұл деген біздің өзіміздің қазақ халқының ұлттық болмысына, ұлттық өзінің ерекшелігіне біздің қосып жатқан үлесіміз деп білемін.
Тұрмыс пен әдет-ғұрыпта кездесетін қазақтың әрбір ою-өрнегі мағынасы мен үйлесімділігіне сай қолданылады. Бұлбұл Кәпқызы әсерсе қыз баланың киіміндегі өрнекке зер салу қажет дейді. Көйлекке құстың қанаты іспетті, ал бөрік пен сәукелеге құстұмсық тәрізді оюларды бейнелейді. Бойжеткеннің еркіндігі мен кербездігі әрі сымбаттылығын меңзеп тұруы тиіс. Ал ер азаматтардың киімінде тау тектес оюларды салған. Бұл ұлтымыздың салтына сәйкес әрқашан биік, асқақ болсын деген ұғым.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков