Түркістанда «Тұран дауысы» байқауы өтіп жатыр. LIVE
Түркістанда 2 күннен бері Халықаралық «Voice of Turan - 2023» қазақ әндері фестивалі өтіп жатыр.
Бүгін – финал. Биыл 4-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауға әлемнің 15 елінен өнерпаздар қатысып жатыр.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Біз қазір Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде тұрмыз. Мұнда «Voice of Turan» яғни, «Тұран дауысы» халықаралық ән байқауының қорытындысы өтіп жатыр. Фестивальге арысы – Аргентина мен Кубадан, берісі – Еуропаның Португалия, Испания, Болгария елдерінен және Азияның біренеше мемлекетінен келген 15 өнерпаз қатысып, өзара бақ сынап жатыр.
Байқаудың басты ерекшелігі, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрда ән айтатын, халықаралық ән байқауларында топ жарған үздік әншілер қазақ тілінде ән шырқайды. Фестивальдің негізгі мақсаты – қазақ музыкасын, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Музыкалық шығармалар арқылы әлемге қазақ халқының музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Қазақ ән өнерінің ерекшелігін көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.
2 күнге жалғасқан фестивальдің жеңімпаздары бүгін белгілі болады. Оны ән байқауын әлемге танымал етуге ықпал етіп жүрген шығармашылық топ пен белгілі өнер жұлдыздары, композиторлар мен продюсерлерден құралған кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздарға бас жүлде, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі. Айта кетейік, байқау Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.