Хан Ордасы ауылында қос музей ашылды
Батыс Қазақстан облысындағы бұл нысандардың бірі 1920-25 жылдар аралығында Қазақ үкіметінің тұңғыш төрағасы болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевке арналса, екінші музейдегі жәдігерлер әйел теңдігі үшін күрескен ағартушы-революционер Алма Оразбаеваның өнегелі өмірінен сыр шертеді.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- 1962 жылы небәрі 55 экспонатпен ашылған Орда музейі бүгінде үлкен тарихи-мәдени кешенге айналды. Музей қорықтың құрамында дәл қазір 13 ескерткіш бар. Соның алтауы музей болып қызмет жасап тұр. Енді солардың қатарына тағы 2 мұражай қосылды. Олар – Алма Оразбаева және Сейітқали Меңдешев атындағы мемориалды музейлер.
«Революция бесігі» атанған құм Нарыннан шыққан қоғам қайраткерлері аз емес. Солардың бірі – Сейітқали Меңдешев. 1898 жылы Қазандағы мұғалімдер семинариясын бітірген ол әуелі Гонюшкин ауылында, одан кейін Хан Ордасында ағартушылық қызметпен айналысады. Осы жылдары большевиктермен байланыста болып, патша үкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. 1916 жылы қазақ жігіттерін қара жұмысқа алуға қарсы шыққаны үшін Астрахань түрмесіне айдалады. 1920 жылы Орынбордағы құрылтайға жиналған делегаттар оны Қазақ АССР орталық атқару комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Мемориалдық музейдегі тарихи деректер осылай дейді.
Гүлмира Елемесова, музей-қорықтың қызметкері:
- Сіздер қазір Сейітқали Меңдешев тұрған үйінде тұрсыздар. Сейітқали Меңдешев осы үйде 1918-20 жылдары аралығында қызмет еткен. Сол кезеңдегі саяси оқиғаларға, қоғамдық-мәдени шараларға белсене араласты. 1916 жылы Ұлт азаттық көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды.
Ал осы ауыл тұрғыны Алмабет Әбдірахманованың есімі әйел теңдігі үшін күрескен, Коминтерн мүшесі болған революционер-ағартушы Алма Оразбаеваның құрметіне қойылыпты. Алмабет – көрнекті қайраткердің азан шақырған аты. Ол Алмабет бұл Алмабеттің атасының туған қарындасы екен.
Алмабет Әбдірахманова, Хан Ордасы ауылының тұрғыны:
- Коммунист болған, үгіт жүргізген ғой әйелдердің арасында. Сол енді агитация жүргізіп, Моңғолияға командировкаға кеткенде зынданға лақтырған ғой оны. Қорлады ма, бірдеңе берді ме – білмейміз. Содан кейін елге қайтып келіп, ауырып, тәуір бола алған жоқ. Әжемнің айтуы бойынша, Сайқында тұрғанда соғыс уақытында, 1942-43 жылдары Луговой деген жаққа кетіп қайтып келмеген дейді.
Бұған дейін Хан Ордасы музей-қорығында Бөкей Ордасы тарихы музейі, Хан Сарайы мен қару-жарақ палатасы, Хан мешіті, Шәңгерей Бөкеев музейі, тұңғыш баспахана және білім беру музейі болатын. Солардың қатарына тағы 2 мемориалдың қосылғанына тұрғындар шексіз қуанышты.
Қарлығаш Минажева, Хан Ордасы ауылының тұрғыны:
- Ауылдың адамдары рухани байып, еңсесі бір көтеріліп қалды. Өте қуаныштымыз. Осы Хан Ордасы ауылында тұрғанымды үлкен мақтанышпен айта аламын. Үлкен тарихи орын. Бірнеше қоғамдық формацияның куәсі болған ауыл. Махамбет ақын айтқан ғой. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп. Күні бүгін – сол Махамбеттің арманы орындалған заман.
Ордалықтар өздерін тұңғыштар мекенінде тұрып жатырмыз деп санайды. Тарихи тұлғаларды айтпағанда, алғашқы қазақ мектебі, қыздар училищесі, баспаханасы, тіпті банкі де осында ашылған. 1867 жылы салынған қазынашылық үйі қаз-қалпында сақтаулы. Енді таяу уақытта 1872 жылы салынған амбулатория ғимаратын қайта жаңғыртып, қазақ жерінде алғаш ашылған аурухананы экспозициялау жоспарланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.