Бұқарбай батырдың қылышы музейде сақтаулы тұр
Бұқарбай батырдың қайқы қылышы күні кешегідей қаз-қалпында тұр. Семсер 1,5 ғасыр бұрын жасалған екен.
Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр атындағы ауыл музейінде тұрған қарудың осы күнге жүзі қараймай, тот баспай жетуінің сыры неде?
Бұқарбай батыр 1822 жылы Жалағаш ауданының аумағында дүниеге келген. Бала күнінен болмысы бөлек болыпты. Баһадүрдің ел басына күн туған сәттегі ерлік істері әлі күнге аңыз болып айтылады. Қас дұшпанның қаһарлы бетін қайырған қайқы қылыштарының бірі бүгінде батыр атындағы музейде сақталып тұр.
Мереке Әбілдаева, Бұқарбай батыр музейінің қызметкері:
- Бұл қылышты ең алғашқы рет Бұқарбай батыр бабамыз өзінің үйінде төсек тартып жатқан шағында Қайқы батыр жағдайын сұрауға барады екен. Сол кезде Бұқарбай батыр Қайқы батырдың өзінің көңілі түсіп, керегесінде ілініп тұрған қылышын сыйға тартады екен. Содан қайқы батыр өзінің үйіне апарып, қылышын сақтап, өзінің баласы Наршаға тастап кетеді қайтқаннан кейін. Нарша өзінің кейін ұрпақтарына табыстайды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Батырдың мөрі, шашақты туын және мына қайқы қылышын ұрпақтары осыдан 30 жыл бұрын ауылдағы музейге әкеліп тапсырған. Болаттан құйылған қарудың жүзі әлі өткір күйінде сақтаулы тұр. Білетіндер бұл қылыштың тарихы бір ғасырдан асады дейді.
Қылыштың қыны ағаштан жасалған. Аздап мүжілген жері болғанымен, тұтас сұлбасы бұзылмапты. Семсер музейдегі арнайы шыны қорапқа қойылған. Содан бері ешкім оны майлап, қайраған емес. Сондада жүзі жалтырайды екен. Ауыл ақсақалдары батырдың қару-жарағына қатысты аңыз-әпсаналар өте көп дейді.
Қабылбек Нұрмағамбетов, Жалағаш ауданының құрметті азаматы:
- Шотанкөл деген көл бар отырған жерінде. Сонда жерді қазып, киізге орап, жорықтарда пайдаланған сауытын, қылышын, біраз дүниесін көмген екен жерге, белгілеп. Сол бірақ кейін өрт жүрген, талай көші-қон болған, аударған, арық қазылған, сол табылмай қалды. Жаңағыдай қолда ұстаған, жеңіл-желпі кейінгі қарулары осы бермен қарай жеткен.
Құнды жәдігер бірқатар жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне де арқау болған. Елорда төрінде өтетін көрмелерге де жиі қойлады екен. Тіпті Бұқарбайдың қылышын көру үшін ауылға саяхаттап келетін туристердің қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді, - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.