«Мың бала» жобасының биылғы маусымы қорытындыланды

Елордада «Мың бала» жобасының қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Республикалық мәдени-ағартушылық жобаның мақсаты – елде тұратын өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің балаларын қазақ тілі айналасында біріктіру. Мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру арқылы бірыңғай ұлттық және азаматтық бірегейлікті нығайту.

Жоба шеңберінде елдің әр өңірінде жыл бойы түрлі аталымдар бойынша қазақ тілін үйренуге арналған байқаулар мен жарыстар өтті. Оның ішінде мәнерлеп өлең оқу, музыкалық шығармаларды орындау сияқты тапсырмалар берілді. Ауыл, аудан, одан облыста үздік атанған балалар бүгін бас шаһарда бас қосып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қамал Әлпейісова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

- Алғашқы жылдары біздің ойымызда тым құрыса басқа этностың мың баласы қазақша сөйлесе екен деген арман болған. Жобаның «Мың бала» аталуы да сондықтан. Біз ол арманымыздың үдесінен шықтық. Ол неше есе артты. Өйткені оған жыл сайын 5-10 емес, жүздеп, мыңдап бала қосылды.

Саид Аденов, «Мың бала» жобасының қатысушысы:

- Партаның үстінде тақырыптар болды. Біз бір тақырыптан таңдадық. Маған «Бәйтерек» тақырыбы түсті. Тақырыпқа арнайы бір шумақ шығардым. Отанымның тірегі. Астанамның жүрегі. Мақтан етем өзімді. Бәйтерегім киелі.