Қазақстанда Голливуд фильмдері түсіріледі
Голливуд Қазақстанда кино түсіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әйгілі америкалық студия Грузия және біздің елмен одақ құрады. Телешоу және кино түсіру бойынша ынтымақтастық қос елдің ұлттық мәдениетін дәріптеп, аймақ экономикасын дамытуға септігін тигізеді деген сенім мол. Алғашқы фильмді Қазақстанда түсіру жоспарланып отыр.
Америкалық WonderHill Studios компаниясы Қазақстан және Грузия елдерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Салтанатты шара Цинандали қаласында өтті.
Марвин Пирт, WonderHill Studios комапниясының бас директоры:
- COVID-19 кесірінен студиямыз фильм түсіруді тоқтатып, телебағдарлама өндірісіне ден қойды. Бәрі америкалық көрермен арасында кеңінен танылды. Қазір қайтадан кино түсірілімін қолға алып жатырмыз. Осы ретте Грузиямен серіктестік орнатуды жөн көрдік. Қазақстан да біздің жобаларға қатысуға дайын. Меніңше, мұндай ынтымақтастық аймаққа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Алғашқы бірлескен көркем фильм Қазақстан мен АҚШ-та түсіріледі. Туындының желісі ерлер арасындағы бәйгеде бас жүлдені қанжығасына байлаған тұңғыш қазақ қызы жайлы өрбиді.
Том Тичолз, сценарист:
- Мен Қазақстанның біраз өңіріне саяхаттап, түрлі адамдарға таныстым. Олардан қазақ халқының салт-дәстүрі туралы көп нәрсе білдім. Фильм түсіруге болатындай оқиғалар мен әңгімелер естідім. Сол кезде бәйге дәстүрі мен адамдардың өмірлік құндылығы туралы толыққанды фильм түсіруге болады деген ой келді. Меніңше, АҚШ-та бәйгеге түсіп жүрген қазақ қызы жайлы шығарма америкалықтардың көңілінен шығады деп ойлаймын.
Фильмнің сценарийі дайын. Қазір әртістер іріктеліп жатыр. Басты рөлді АҚШ-тағы қандасымыз Аянат Кісенбай сомдайды. Актер қалың көрерменге «Көшпенділер», «Ләйләнің зары» фильмдері арқылы таныс.
Аянат Кісенбай, актриса:
- Режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың арқасында кішкентай кезімде «Ләйләнің зары» фильміне түсу бақыты бұйырды. Сол кезден бері қазақ пен Голливуд киносының бірлесіп жұмыс істеуін армандап келдім. Америкада ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келсем де, осы арманым жақында орындалатын сияқты.
Фильмнің бюджеті – 45 миллион доллар. Туынды келесі жылы түсіріледі. Соның арқасында 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.