А. Балаева: Азаматтардың мәдениеті – біздің халықаралық аренадағы беделіміз

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске енген түзетулерге қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді.

Заңдағы өзгерістерге бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған еді. Министр сот шешімімен және құқық бұзушының келісімімен тағайындалатын қоғамдық жұмыстар – оңалту мен әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың тиімді құралына айналатынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда айналасындағыларға құрметсіздік таныту жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, қоғамдық орындарда түкіру, қоқысты орынсыз жерге тастау, тәртіп ережелерін елемеу сынды жайттарды атап өтуге болады. Өзге елдердің тәжірибесінде қатаң шаралар мұндай мәселелерді тиімді шеше алатынын көрсетіп отыр. Азаматтардың мәдениеті – біздің халықаралық аренадағы беделіміз бен инвестиция тартудағы және туризмді дамытудағы маңызды фактор, деп атап өтті Аида Балаева.